Арал табанында сексеуіл алқабы кеңейді

Арал теңізінің құрғаған табанында 1 миллион гектардан астам жерге сексеуіл егілді. Бұл – соңғы бес жылдың нәтижесі. 

Бүгінде адам бойындай ағаштар тұқым беріп, өніп-өсе бастады. Мамандар тұқым себу жұмыстарына агродрондарды қолданып жатыр. Сондай-ақ сапалы көшет өсіру үшін Арал табанынан жаңа тұқымбақ ашу жоспарланған.

«Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» биыл Қазалы ауданындағы тұқымбақта 1,5 миллион түп сексеуіл көшетін дайындауды көздеп отыр. Осы мақсатта 5 гектар алқапқа тұқым себілген. Биылғы жауын-шашынның молдығы да мамандардың жұмысын жеңілдетіп, өсімдіктің шығымдылығын еселей түсті. 

Әліби Ғазизұлы, «Республикалық Орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК бас директоры: 

- Осыны күзде біз қопарып алып, өзінің стандартына келтіріп, соны кептіріп алмай, тамырын апарып, Аралдың құрғаған ұлтанына апарып, егеміз. Мынау себілді ғой, енді бұл егіледі. Соны біз «көшет» дейміз. Көшет 25-30 сантиметрге дейін болады.

Теңіз табанын көгалдандыруда ғылыми тәсілдер де қатар қолданылып жатыр. Бұған Әлихан Бөкейхан атындағы орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары атсалысып отыр. Топырақ құнары мен тұқым сапасын жақсартудан бөлек, мұнда соңғы үлгідегі техникалар іске қосылған.

Самалбек Қосанов, Ә. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ филиалының директоры:

- Сонымен қатар қазір біз соңғы екі жылда заманауи осы экономикалық жағынан тиімді агродрондармен себу жұмыстарын жолға қойдық. Оның бір жақсы артықшылығы, мысалы, ол жұмысты оңайлатады және де мынау жерді өңдеуді көп қажет етпейтін дақылдарға өте керемет дүние болып есептелінеді.

Қазалы мен Арал ауданының орманшылары және Республикалық тұқым селекциялық орталығының бірлескен жұмысы қазір айтарлықтай нәтиже бере бастады. Мәселен, 2020 жылға дейін Арал теңізінің 195 мың гектар аумағы жасыл желекке айналса, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасынан кейін соңғы 5 жылда бір миллион гектардан астам жерге сексеуіл егілді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Мысалы, мына жерде кезінде толқыны тулаған теңіз болған десе, қазір ешкім сенбес, бірақ әлі күнге дейін мынадай бақалшақты кездестіруге болады. Сонымен қатар бұл жер қазір мыңдаған гектар орман алқабына айналған. Мысалы, мына сегіз жыл бұрын егілген сексеуілдің биіктігі қазір үш метрге дейін жетіп тұр.

Мақсат Елемесов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

- Бұған дейін егілген сексеуіл көшеттері қазірдің өзінде тұқым бере бастады. Осылайша, Арал теңізінің табанында тұқым шашудың табиғи процесі іске қосылды. Бұл жерде үш ұңғыма қазылған. 500 метр тереңдіктен секундына 9 текше метрге дейін су шықты. Бұл маңда аң-құс пайда болып, тіршілік түлей бастаған. Жыл сайын шамамен 20 мың гектар аумаққа шөлге төзімді өсімдік түрлерін егу жұмыстары жалғасады. 

Айта кету керек, соңғы бес жыл ішінде Аралдың құрғаған табанына 54 миллион түп сексеуіл көшеті егіліп, 400 мың тоннадан астам тұқым себілген. Бұл жұмыстарды қамтамасыз ету үшін Қазалыда екі бірдей тұқымбақ жұмыс істеді. Экологиялық аймақты сауықтыру мұнымен тоқтамайды. Алдағы уақытта Арал табанынан аумағы 15 гектар болатын тағы бір тұқымбақ ашылмақ. Жоспар бойынша ол жерде жыл сайын 3 миллион түп жергілікті климатқа жерсінген көшет дайындалады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев