ШҚО-да заңсыз қоқыс алаңы көбейді
Шығыс Қазақстан облысында 300-ден астам заңсыз қоқыс үйіндісі жойылды.
Дегенмен, рұқсат етілмеген жерлерге тасталған қоқыс көлемі азаяр емес. Өңірде абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылау күшейді. Қоршаған ортаны ластаушылар көшелердегі бейнебақылау камералары көмегімен анықталып жатыр. Соның нәтижесінде заң бұзған 24 мыңнан аса адамға айыппұл салынды.
Өскеменде тұрмыстық қатты қалдықтар жинайтын алаңдар біртіндеп құрылыс материалдарын тастайтын орынға айналып барады. Коммуналдық қызмет өкілдері осылай деп дабыл қағып отыр. Контейнер айналасына үйілген ірі көлемді қоқыстарды арнайы техникамен шығару мүмкін емес. Сол себепті ауыр жүк көліктері мен экскаватор тартуға тура келеді.
Мадияр Қалиев, аумақтық басқару орталығының директоры:
- Негізінде тұрғындардың өз күштерімен шығарылуы керек. Бірақ та біз мына «Таза Өскемен» мекемесімен, «Өскемен Тазалық» мекемесімен және КСК, ОСИ мекемелерімен бірлесіп қоқыстарды шығарып жатырмыз жиналған. Бұл енді бір кезекті шара деп айтуға болады. Қай жерлерде көп жиналып қалды сол жерлерді қолдан келгенше шығарып жатырмыз қазір.
Полицейлер тұрғындармен құрылыс қалдықтарын бей-берекет тастамау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал кешкілік уақытта шағын аудандардағы контейнер алаңдарында кезекшілік атқарады.
Гүлім Қасымбаева, ПД аға инспекторы:
- Жалпы «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс полицейлері қоғамдық орындарды ластаған және елдімекендерді абаттандыру қағидаларын сақтамағаны үшін 24 мың 211 құқық бұзушыны анықтады.
Биыл полицейлер мен табиғатты қорғау инспекторлары 350-ден астам заңсыз қоқыс үйіндісін жойды. Дегенмен, рұқсат етілмеген жерлерге тасталған құрылыс қалдықтарының көлемі азаяр емес. Әсіресе өндірістік аймақтардағы жағдай мәз емес. Соның кесірінен өндіріс орындары мен қаланы бөліп тұрған жасыл белдеу бүлініп жатыр. Қоғам белсендісі Роман Честныхтың айтуынша, құрылыс қалдықтарын сұрыптау және қайта өңдеу ісін дамыту қажет. Ол қоқыс өңдейтін кәсіпорын салу туралы әкімдікке өтініш айтқан. Тіпті бастапқа капиталын әзірлеп қойған. Енді тек шикізат көлемін есептеу қалған.
Роман Честных, қоғам белсендісі:
- Мен инвестиция тарту жолдарын зерттедім. Қаржыландыру көздерін де таптым. Қытайға барып қажетті жабдықтар таңдап, оларды жеткізу жөнінде келісім жасадым.
Бірақ Өскемен әкімдігі әлі нақты шешім қабылдаған жоқ. Жергілікті билік қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және жоюға қатысты тарифті көтеру жобасын қарастырып жатыр. Себебі қоқыс шығаратын кәсіпорындардың табысынан гөрі шығыны көп. 160 мың тұтынушы әлі күнге дейін қоқыс шығару бойынша келісім-шарт жасамаған.
Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин