Қазақ тазысы дүниежүзілік көрмеге қатысты

Қазақтың тазысы Италияның Болонья қаласында өтіп жатқан World Dog Show 2026  Дүниежүзілік иттер көрмесінде таныстырылды.

Кинология саласы бойынша әлемдегі ең ірі шаралардың бірінде бой көрсету - еліміз үшін ерекше мәртебе. Бұл шара тазы тұқымын халықаралық деңгейде түпкілікті мойындату жолындағы тағы бір батыл қадам болмақ.

Бұл иттің аты Челси. Жасы бірден сәл-ақ асқан. Челси киіз үй үлгісінде безендірілген стендтің ортасында бекерден бекер жайғасып жатқан жоқ. Қазақ халқы тазыны қашан да ерекше құрметтеген. Ел аузындағы кейбір деректер бойынша, иттердің тек осы тұқымына ғана үйге кіруге рұқсат берілген.

Көрменің ең жауапты кезеңі – қазақтың төл жануарының рингке шығуы. Челси, Табиғат, Сарбаз және басқа да тазы тұқымының он екі өкілі халықаралық судьялар мен көрермендер алдында бақ сынады. Олар жоғары баға мен атақтарға таласып қана қоймай, өзіне тән әдемілігін,сырбаз бітім-болмысын және тазыларды даралайтын ерекше көркем келбетін көрсетті.

Дино Муто, Италия Ұлттық кинология ұйымының президенті:

- Көрмеге 70 мемлекеттен 370 ит тұқымы тіркелген. Барлығы – 31 мың жануар қатысып жатыр. Олардың арасында тазы өзінің сұлулығымен және мінезінің жайлылығымен ерекшеленеді. Менің ойымша, бұл тұқымның жетістікке жетуіне толық негіз бар.

Қазақ тазысы көрме бағдарламасының екі маңызды шарасында: Club Show – белгілі бір тұқымға арналған арнайы көрсетілімде және ENCI Winner - Италия кинология клубының беделді байқауында таныстырылды. Бұл бәйгелерде иттердің үздігіне ресми атақ беріледі. Ал бүгін тазы әлемнің түкпір-түкпіріндегі кинология қауымдастығы назар аударатын TOP Dog 2026 халықаралық шоуының алаңына шығады.

Петер Фридрих, Неміс ит өсірушілер одағының президенті:

- Тазының ерекше жанкүйері екенімді бәрі біледі. Бұл – табиғи болмысын сақтаған жануар. Оның бойында ешқандай жасандылық жоқ. Тазы күнделікті өмірге де жақсы бейімделеді, көрмелерде де керемет өнер көрсетеді және ең бастысы көздің жауын алатын сұлулығы бар.

Бұл шара тазыны тек кәсіби мамандарға ғана емес, қалың көпшілікке де жарқын әрі эмоционалды форматта таныстыруға мүмкіндік берді. Көрмеде тазы Қазақстанның мәдени кодының бір бөлшегі ретінде танылды: өзіндік болмысы бар, бірден көзге түсетін және әлемдік аренада мойындалуға лайық ұлттық құндылық ретінде ұсынылды.

Озан Белкис, Түркия Кинология федерациясының президенті:

- Қазақстан мен Түркия – бауырлас елдер. Біздің мәдени байланыстарымыз өте тығыз. Сондықтан сіздердің иттеріңіз бізге ерекше ұнайды. Кинолог ретінде мен бұл тұқымды жоғары бағалаймын. Осындай ерекше ұлттық мұраға иелік еткен Қазақстанды шын жүректен құттықтаймын.

Қазақстандық делегация көрме аясында өткен кинология федерациясы судьяларының IV дүниежүзілік конгресіне де қатысты. Олар әлемнің әр қиырынан жиналған қазылар алқасына қазақ тазысы жайлы маңызды деректер ұсынды. Сондай-ақ оның шығу тарихы мен тұқымдық сипаты туралы арнайы дәріс оқыды.

Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтар одағының президенті:

- Стенд ұйымдастырып, басқа елдің азаматтарына, сарапшыларына Қазақстан туралы және өзіміздің ұлттық тұқымымыз туралы ақпарат беріп, оның ерекешелігі туралы және оның тарихи маңыздығы туралы, сондай ақпарат беріп, кісілерді, бүкіл әлемді таныстырып жатырмыз.

Екі жыл бұрын Халықаралық кинология федерациясы “қазақ тазысы” тұқымын алдын ала мойындалған тұқымдар қатарына қосып, отанын Қазақстан деп бекіткен болатын. Енді еліміз келесі кезеңге өтуі керек. Ол үшін кемінде 10 жыл бойы тұқымды дамыту жалғастырылып, асыл тұқымдық есеп жүргізілуі және халықаралық деңгейде түпкілікті мойындалуына қажет мәліметтерді жинауы тиіс.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы