Қамауда ұстауға қатысты норма қайта қаралады

Конституциялық сот қылмыстық-процестік кодекстің кей нормаларын тексеру туралы азаматтар өтінішін қарады. Эльвира Азимова қорытынды шешімді жариялады.

Нәтижесінде 342-баптың үшінші бөлігін Ата заңға сәйкес емес деп таныды. Қазір қолданыстағы құжат арқылы құқық қорғау органдары күдіктіні қамауда ұстау мерзімін өзі қалағанша ұзарта алады. Конституциялық Сот дауланған нормаларды тексеріп, қамауға алу мен қамауда ұстау кезінде тек заң аясында жүзеге асырылуы керегін атап өтті. Демек  бостандықты шектеудің негіздері ғана емес, шекті мерзімдері де нақты белгіленуге тиіс. Сотталушыны заңда белгіленген мерзімнен артық қамауда ұстау оның конституциялық құқығын бұзады және халықаралық стандарттарға да қайшы. Енді Үкімет баяндалған құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, заңнаманы жетілдіру жөнінде шаралар қабылдау керек. Бұл жұмыс Конституциялық соттың қорытынды шешімі жарияланған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей орындалуы қажет.

Анвар Сабиров, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл аппараты басшысының орынбасары:

- Конституциялық сот бүгін екі азаматтың бас бостандығы мен құқықтарын қорғады. 342-бапта қамауда ұстау мерзімін бастапқы 6 ай өткеннен кейін де ұзартуға мүмкіндік бар. Бұл мерзім бір күн, бір ай тіпті екі айға дейін созылуы ғажап емес. Конституциялық сот бұл норманы Ата заңға қайшы деп таныды. Енді Үкімет бұл нормаларды пысықтап, анағұрлым жұмсақ ережелермен алмастырады. Әрі қарай заң Парламентке жіберіледі.