Дропперлік – «жеңіл ақша» тұзағы

Елде киберқылмыс тыйылмай тұр.

Жыл басынан бері 9 мыңнан астам дерек тіркелген. Әсіресе алаяқтықтың дропперлік түрі  кең етек жайды. Мамандар дәл осындай 700-ге тарта жайтты анықтап, 200-і бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Елде жыл басынан бері 9 мыңнан астам киберқылмыс тіркелді. Әсіресе дропперлерге дауа болмай тұр. Қарапайым тілмен айтсақ, дроппер бұл делдал дегенді білдіреді. Яғни, бөтен біреу алаяқтық жолмен қаржы ұрлайды. Ал дроппер оны қолма қол ақшаға айналдырады. 

Аман Әубәкіров, ІІМ киберқауіпсіздікке қарсы департаменті бастығының орынбасары:

-  Жыл басынан бері дропперлік әрекеттің 700 дерегі тіркелді. Соның 200-ден астамы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жетеуі кәмелет жасына толмағандар. Дроппер - ақшаны жылыстату тізбегіндегі адам. Яғни өзінің банк картасын алаяқтың мүддесі үшін қолданып, заңсыз операциялар орындайды.

Иә, әдетте дроппер өзін жай ғана орындаушымын деп ойлайды. Алайда ол да заңсыз схеманың қатысушысы. Мұндай әрекет үшін біздің елде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған: 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сорақысы сол, көбіне бұғанасы бекімеген жастар әккі алаяқтардың құрығына түсіп, сыбайлас атанады.

Бақытгүл Манасова, психолог :

- Кәсіпқой алаяқтар олар жасөспірімдерді тартудың себебі: олардың көзқарасы бойынша неге тиімді: Жасөспірімдер әлі жетілген толыққанды адам болып есептелмейді. Олар тәуелдің арқасында тәуелділікке барып тұрғанын сезіне қоймайды. Үшіншіден, жауапкершілік сезімі әлі қалыптаспаған. Ал мұндай балалар психологиялық қажеттіліктердің, эмоциялық қажеттіліктердің толыққанды жетілмегендіктен бір қажеттілікті екінші қажеттілікпен компенсация жасайды.

Жеңіл ақша жарға жығады. Мұны жас ұрпақ жадында ұстаса игі. Ал күмәнді әрекеттерден сақтанудың амалы бар ма?

Руслан Абдусаламов, психолог:

- Бірінші тәсіл, ол жеңіл ақша ұсыну. 5 минутта ақша табасың.Ешқандай жұмыс жоқ. Ол бірінші  тәсіл. Екінші тәсіл - қауіпсіз екенін көрсету. Бұл заңды жұмыс. Барлығы осылай істейді. Үшінші тәсіл ол асықтыру. Қазір келісу керек, орын аз қалды деп. Төтрінші тәсіл ол кішкентай тапсырмадан бастау. Алдымен бір ғана ақша аударымын сұрайды. Кейін адамды үлкен схемаға тартады.

Егер осы аталғандар өміріңізде кезіксе, демек, мұқият ойланыңыз. Өйткені аңдамай қабылдаған шешім құрдымға жетелейді. Асығыс түбі өкініш...

Назерке Тоғжан