Қостанайда жаңа Ата заңның мән-маңызы талқыланды

Қостанайда «Халықтық Конституция: сенімді болашақтың бастауы» атты ғылыми конференция өтті.

Онда атқарушы билік, қоғамдық ұйым өкілдері, сарапшы ғалымдар елдің негізгі құжатына енгізілген өзгерістердің құқықтық және қоғамдық маңызы туралы пікір алмасты. Сондай-ақ жиында «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар бастамалары байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Ғылыми конференцияда алғаш сөз алған облыс әкімі Құмар Ақсақалов жаңа Конституция елдің тұрақты дамуына тың мүмкіндіктер ашатынын атап өтті. Қостанай өңірі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жағынан көбінен көш ілгері.

Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:

- Осы жетістіктердің барлығы жаңа Конституция қағидаттарының іс жүзінде жүзеге асып жатқандығын айқын көрсетеді. Алдымызда ауқымды және маңызды өзгерістер күтіп тұр. Оларды табысты жүзеге асыру әрбір азаматтың жоғары жауапкершілігін талап етеді.

Ата заңға енгізілген өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп, оның тиімділігін артыруға, азаматтық қоғам институттарын нығайтуға бағытталып отыр.

Үнзила Шапақ, Конституциялық комиссияның мүшесі:

- Конституцияның іске асырылуы біздің ҚР-ның, азаматтардың әл-ауқатын көтереді. Сонымен бірге азаматтардың конституциялық құқтарының іске асырылуына кепіл болып табылатын болады.

Жаңа Ата заңда  сот билігі, прокуратурамен қатар, адвокатура, құқық қорғау тетіктерінің конституциялық мәртебесі айқындалды.

Мәди Мырзағараев, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:

- Мемлекетіміз жалпы халқымыз, қоғамымыз, адвокаттың ролін, статусын прокурормен терезесі теңестірілген бірдей деңгейде сөйлесе алатын, тайталаса алатын, өзінің пікірін жеткізе алатындай институт жасау үшін Конституциялық деңгейге көтеріп отыр.

Конференция аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар бастамалары байқауының жеңімпаздары марапатталды. Үздік жоба иелеріне қайтарымсыз грант табыс етілді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг