ШҚО-да этнофестивальге 30 мың адам жиналды

Шығыс Қазақстанда «Алтай түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық этнофестиваль өтіп жатыр.  2011 жылдан бері ұйымдаастырылып келе жатқан бұл байқау аймақтың «рухани брендіне» айналған.

Биылғы шараның ауқымы тіпті кеңейді. Өйткені қазақтың мақтанышы Димаш Құдайбергенов  Алтай төрінде ән шырқайды. Бұл мәдени бағдарламаның даңқын тіпті асқақтатып туристер ағынын күрт көбейтті. Шекара шебіндегі аудан мыңдаған адамды қалай қарсы алып жатыр? 

«Алтай түркі әлемінің алтын бесігі» атты  халықаралық фестиваль Төр Алтайдың тау тасын жаңғыртып тұрғаны рас.  Бүкіл түркі әлемінің бай этно мұрасын осында тоғыстырған ерекше жоба кеше басталған болатын. Берел қорымындаäғы патшалар жазығында осы өлкенің тумасы ақын Ақтан Нұрбаевқа арналған поэзия көші өтті.

Қатонқарағай жазығында аламан бәйге өтсе, от ауызды орақ тілді ақындар да қалыс қалмай, тойдың көркін кіргізді. Қатонқарағай ауылының шетіне 60 тан аса  ақ шаңқан үй тігілді. Жәрмеңке ұйымдастырылып, көрме сөрелері ашылды. Қатонқарағай басындағы бұл шараны отыз мыңнан аса адам тамашалауға келген. Осынша қонаққа бір демде қызмет көрсету оңай емес.Сол себепті жанар жағар майда жалпы тапшылық болмағанмен, жолаушылардың көптігінен ұзын сонар кезек болуы мүмкін екендігі алдын ала ескертілді. Бұны естіген соң, Алтайға сапарлағандар сақадай сай дайындықпен келіпті.

Амангүл Намазова, турист /БҚО/:

- Біз фестивальге үлкен дайындықпен келдік. Жол алыс болды.Өйткені 4 күн жүрдік, үлкен дайындықпен келдік. Әлеуметтік желіден дайындық жұмыстарын көрдік. Тамақ жағынан болсын жан жақты дайындалып келдік.

Лек-легімен келген туристер санында шек жоқ.  Ауыл аймақтағы қонақүйлер лық толды. Дегенмен бұл жақта 200 шатыр сиятын кэпминг алаң ашылды. Қайрат Ырысдәулетов отбасымен бірге сонау Түркістанан келіпті. 2700 шақырымды артқа тастап келген қонақтар жолға мықтап әзірленген. Табиғат аясындағы демалыстан алған әсері де керемет.

Қайрат Ырысдәулетов, турист /Түркістан/:

- Бұл жерде жататын орын жетпейді-ау деген оймен табиғатқа арналған шатыр алып келдік. Көрпе-төсек алып келдік. Далалық жағдайға барлығы қарастырылған. Суымыз бар, әжетхана бар, бәрі керемет.

Гүлнар Жақсылықова, Қатонқарағай ауданы Мәдениет бөлімінің басшысы:

- 60 киіз үй тігіліп отыр, 200-ге жуық кәуап зонасы, 200-ге жуық кәсіпкерлермен қолөнершілердің сауда аймағы ұйымдастырылды, 15 ресторан аумағы бар, үш автотұрақ, барлығы осы қонақтарға қызмет жасап тұр.

Этнобайқау түркі әлеміне ортақ мәдениет пен дәстүрді насихаттауға ерекше леп бергендей. Назгүл Гезютюк Түркия қазағы. Мәдени шараның болатынын естіп әдейі келіпті.

Назгүл Гезютюк, турист /Түркия/:

- Табиғаты, тамағы ұнады. Бұқтырмаға бардық, көпірлерді көрдік, таулары, ауа райы тамаша, бәрі өте ұнады.

Жалпы Алтай фест аумағы Берел және Қатонқарағай  деп екі  үлкен алаңқайға бөлінген. Әзірге халық төл өнер, ұлттық спорт сайыстарын тамашалап,демалуда. Бірақ кешке бұл жерде нағыз шоу болады. "Пырақ"  театрландырылған көрініс көрсетіледі. Осы тау бөктерінде  Қарақалпақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан,Өзбекстан, Венгрия, Моңғолия сияқты 9 елдің әншілері сахна төрііне шығады. Ал кештің басты қонағы әлем мойындаған қазақ әншісі Димаш Құдайберген. Мыңдаған көрермен Алтай төрінде дүлділ әншінің әнін тыңдап,құлақ құрышын қандырады.

Авторлары: Эльмира Ахмет, Жігер Бабаханов