Ақтөбедегі жылу желісінің жартысы тозып тұр
Ақтөбедегі орталық жылу желісінің жартысынан астамы тозып тұр. Себебі қаладағы көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беретін құбырлар кемі 20-30 жыл бұрын салынған.
Қазір жылыту маусымына дайындық қарқынмен жүріп жатыр. Мамандар күн суытып, қар түскенге дейін 9 шақырымға жуық құбырды ауыстыруға тиіс.
Мұрат Табынбаев басқаратын пәтер иелері кооперативі 43 көпқабатты үйге қызмет етеді. Есет батыр, Тургенев көшелері мен Әлия Молдағұлова, Абай даңғылдары бойында орналасқан баспаналардың коммуналдық желілеріне жауапты. Айтуынша, өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған ғимараттардың жылу құбырлары жаңартуды қажет. Сондықтан қыс маусымына дайындықты ерте көктемде бастап кеткен.
Мұрат Табынбаев, ПИК төрағасы:
- Жылыту маусымы жақсы өтті деуге болады. Ірі апат болған жоқ. Ескі құбырлардан су кеткен кездері болды. Бірақ дер кезінде жөндеп отырдық. Қыс мезгілінде мамандарымыз күндіз-түні қызмет етеді. Диспетчер тәулік бойы қоңырау қабылдайды. Соңғы рет Тургенев көшесіндегі 92-үйдің элеваторындағы тиекті ауыстырдық.
Өткен жылыту маусымында магистральді желілер де сыр берген жоқ. Дегенмен мамандар құбырлардың жартысынан астамы тозғанын айтады. Мамыр айында жоғары қысыммен тексергенде 17 ақау анықталған.
Олжас Мектепбаев, Коммуналдық мекеменің бас инженері:
- Соның біреуі Әбілқайыр хан 69 үйінің маңайында шықты. Диаметрі 300 құбырда. Сонда жөндеу жұмыстарына «корректировка» жасап, биылғы жөндеу жұмыстарына қостық. Және "Нұр Ақтөбе" ықшам ауданында орналасқан қазандықтағы жылу желілерінің сынағын өткіздік. Ол жерде де үш әлсіз орын анықталып, жөндеу жұмыстарын істеп, бүгінгі таңда қалыпты жұмыс істеп келе жатыр.
Қалаға жылу тасымалдайтын монополист мекеме тозығы жеткен жылу желісін тариф және инвестициялық қаражат есебінен жаңартып жатыр. Жоспар бойынша 9 шақырымға жуық құбыр ауыстырылады. Жауаптылардың мәлімдеуінше жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң желілер қыркүйек айында тағы да жоғары қысыммен тексеріледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов