«Әділет» партиясының кандидаттары атыраулықтармен кездесті

«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Атырауда еңбек ұжымдарымен және өңір тұрғындарымен кездесті. 

Партияның республикалық сайлауалды штабы алдымен мұнай өңдеу зауыты мен вагон жасау кәсіпорнының ұжымымен жүздесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды. Кездесуде өнеркәсіпті дамыту, цифрландыру және еңбек адамын қолдау мәселелері көтерілді. Облыс жұртшылығымен жүздесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ұсыныстар талқыланды. Ал креативті жастармен кездескен партия кандитаттары олардың бастамаларын қолдау, жұмыспен қамту, креативті индустрияны дамыту бағытында пікір алмасты.

Нұрбек Мәтжани, «Әділет» партиясынан ҚР Құрылтайының депутаттығына кандидат:

- Бүгін біз Атырау жастарымен кездестік. Көптеген Атырау жастарын толғандырған сұрақтарын тыңдадық. Әрине, оның ішінде білім алу, өзінің әлеуетін қолдану, соның ішінде креативті салада жүрген жастар өзінің көп ұсыныстарын айтты.

Семейде өндірісті дамыту, кадр даярлау және логистика мәселелері талқыланды. Respublica партиясының өкілдері қаладағы бірқатар өндіріс кәсіпорнында болып, еңбек ұжымдарымен кездесті. Басқосу барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, теміржол тасымалы, логистиканы жетілдіру және кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ өндіріс орындарын білікті мамандармен қамтамасыз ету жайы сөз болды. Бұдан бөлек, партия өкілдері студент жастармен кездесіп, түлектерді жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарының еңбек нарығындағы сұранысын талқылады.

Сырымбек Тау, Respublica партиясының тең төрағасы:

- Қазақстан Республикасында жұмысқа жарамды 11,5 миллион адам бар. Бұл аз емес. Қазіргі таңда соның 9 миллион 200 мыңы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде жұмыспен қамтудың 50 пайызын шағын және орта бизнес қамтамасыз етіп отыр. Өңірлерге келсек, біз Абай облысында тұрамыз. Алакөл жағасында орналасқан өңір болғандықтан, туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Біз бұған дейін туризм бағытында қандай жұмыстар атқарғанымызды, алдағы уақытта қандай жоспарларымыз бар екенін халыққа түсіндіріп жүрміз.

ЖСДП өкілдері тұрғындармен кездесті 

Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сайлауалды штабы өңірлердегі халықпен кездесуін жалғастырып жатыр. Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында партия өкілдері жергілікті тұрғындармен жүздесіп, ауыл өміріндегі өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында жолдардың жай-күйі, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл жастарын тұрақты жұмыспен қамтуға назар аударылды. 

Ал Алматы облысының Талғар ауданында депутаттыққа кандидаттар жиһаз цехінің еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында еңбеккерлерді алаңдатқан әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер талқыланды.

Ерғазы Қожақов, ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы:

- Бұл жерде бірнеше мәселе көтерілді. Біріншісі – азық-түлік өнімдерінің бағасын төмендету, екіншісі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды қалай жетілдіру, сондай-ақ зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі. Осы ұсыныстардың барлығын алдағы жұмыс жоспарларымызға енгізіп, тиісті деңгейде ұсынатын боламыз.

«Байтақ» партиясы дүниежүзілік табиғатты қорғау күнін атап өтті

«Көліксіз бір күн». Дүниежүзілік табиғатты қорғау күніне орай «Байтақ» жасылдар партиясы осындай іс-шара ұйымдастырды. Экологиялық челленджге партия төрағасы Азаматхан Әміртаев бастамашы болды. Бұл күні партия мүшелері жеке автокөлігінен бас тартты. Бірі жаяу жүрсе, енді бірі велосипедке, қоғамдық көлікке отырды. Партия жетекшісі Азаматхан Әміртаев LRT желісін таңдады. Бірнеше станцияны жүріп өтіп, Ботаникалық баққа беттеді.  Ол жерде қала тұрғындарына партияның сайлауалды бағдарламасының бағыттарын таныстырды.

Азаматхан Әміртаев, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:

- Қарапайым адамдар өзінің денсаулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Ол тек қана қоршаған ортаның жағдайымен. Егер ауамыз лас болса, суымыз лас болса ол бірден адамның денсаулығыны тікелей әсер береді. Сондықтан біз осыны қамтамасыз ету үшін үгіт насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

«Ауыл» партиясының кандидаттары еңбек ұжымымен кездесті

«Ауыл» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ақмола облысы, Ақмол ауылындағы «Аман Ет» компаниясының еңбек ардагерлерімен кездесті. Кәсіпорын ет шикізатын өңдеп, шұжық және өзге де дайын өнім шығарады. Онда жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған. Жиын барысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік өндірісін қолдау, сондай-ақ елді-мекендегі басқа өзекті мәселелері сөз болды. Саяси ұйым өкілдері сайлауалды тұғырнамасын таныстырып, көпшіліктің ұсыныс-тілегін тыңдады. Қатысушылар еңбек жағдайына, маман тапшылығына, саладағы түйткілдерге қатысты пікір білдірді.

Нұрай Өміржан, «Ауыл» партиясының мүшесі:

- Зейнеткерлермен елді мекендерді жасылдандыру, абаттандыру мәселесін талқыладық. Сосын ең өзекті тақырыптардың бірі жастардың қалаға кетпей ауылда қалуы үшін не істеу керек, қандай жағдай жасау керек? Осы жөнінде пікір алмастық. 

«Ақ жол» партиясының өкілдері еңбек ұжымымен кездесті

«Ақ жол» демократиялық партиясы өкілдері Ақмола вагон жөндеу зауытының еңбек ұжымымен кездесті. 85 жылдық тарихы бар кәсіпорында бүгінде 200-ден астам жұмысшы еңбек етеді.  Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, онда көзделген негізгі бағыттар мен бастамалар жөнінде ақпарат берілді. Сондай-ақ, өнеркәсіп саласын дамыту, отандық кәсіпорындар мен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды. 

Дания Еспаева, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы:

- Бұл зауыттың тарихына 85 жыл. Мұнда 200-ден астам жұмысшы бар. Бүгін, меніңше, жақсы іс-шара өтті. Себебі жұмысшылар тек қана біздің бағдарламамызды тыңдап қана қоймай, сонымен қатар өздерінің сұрақтарын қойды. Себебі халықта көптеген сұрақтар бар. Олар біздің заңдарға, Парламент шығарған заңдарға байланысты. Сондықтан бүгін тек қана үгіт-насихат жүргізілген жоқ, сонымен қатар соңғы кемінде үш жылда қабылданған заңдарымызды түсіндірдік.

ҚХП: Алматыда сайлауалды штаб ашылды

Бүгін Қазақстан Халық партиясының Алматы қалалық сайлауалды штабы ашылды. Партия белсенділері брифинг өткізіп штабтың атқаратын жұмысымен таныстырды.  Оның құрылымы мен жүктеліп отырған міндеттерді айтып берді. Жиында қаланың 8 ауданында үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру, мобильді топтардың қызметі, кәсіпорындар мен ұйымдарда өткізілетін кездесулер талқыланды. Партия мүшелері өз бағдарламаларымен де таныстырды. Негізгі бағыты әлеуметтік мәселелер, оның ішінде денсаулық сақтау саласы бар. 

Эльмира Әуезова, Қазақстан халық партиясының мүшесі:

- Бүгін Қоғамдық коммуникация орталығына келіп сұқбат бердік. Осындағы қатысушыларға сайлауалды үгіт-насихат жұмыстардың басталғаны туралы және партиямыздың бағдарламасы таныстырылды.