Сексеуілде теміржол вокзалы ашылды

Арал ауданындағы Сексеуіл кентінде теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Жаңа нысанның жалпы аумағы 9 мың шаршы метр. 

Құрылысқа 1 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Заманауи жабдықталған кешен тәулігіне 280 жолаушыға қызмет көрсетеді. Жалпы Қызылорда облысының аумағынан 15 жолаушылар пойызы өтеді. Оның алтауы өңірді Астана және өзге ірі қалаларымен тікелей байланыстырады. 

Оңғар Төлегенов, Сексеуіл теміржол вокзалының бастығы:

- Мұнда бұрын болмаған ана мен балаға арналған бөлме ашылды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелер қарастырылған. Бұған қоса, бұрын болмаған медициналық пункт пен жүк сақтайтын қойма ашылып жатыр. Вокзалдың деңгейі көтерілді, ал күту залы бұрынғыдан төрт есе кеңейді. 

Жоламан Жолдасов, Сексеуіл кентінің тұрғыны:

- Бұрынғы кездері біз осы вокзалға келіп, пойызды күтетін болсақ, кішкентай ғана бөлменің ішінде отыратынбыз. Жайсыз жағдайда болатынбыз. Ал қазір өзім аралап көрдім, барлық жағдай жасалған.