Өскеменде 3000 абонент электр жарығынсыз отыр
Өскеменнің 3 мыңға тарта тұрғыны тас қараңғыда қалды. Бұл кеше түсте жауған бұршақ пен көтерілген дауыл салдары. Ауа райының тосын мінезі тұрғындарды да, коммуналдық сала қызметкерлерін де әбден әбігерге салды.
Желдің қатты соққаны сонша, ағаштарды тамырымен жұлып кеткен. Қазір қалыпқа келтіру шаралары жалғасып жатыр.
Кешегі желдің екпіні секундына 28 метрге жетті. Онымен қоса бұршақ аралас нөсер салдарынан қала көшелерін су басып қалды.Электр сымдары үзіліп, бағдаршамдар істен шықты. Коммуналдық сала қызметкерлері күшейтілген режімге көшіп түнімен жұмыс істеді. Ә дегенде 25 мың абонент электр жарығынсыз қалса, соның 22 мыңы желіге қайта қосылды. Қалған желіні жөндеу үшін 13 бригада жұмылдырылды. Мамандардың айтуынша, құлаған ағаштар жұмысқа көп кедергі келтіруде.
Медет Құмаров, Энергосервистік компания өкілі:
- Арнайы техника кіре алмай жатыр. Бірінші оны тазалап жатырмыз. Пограничная, Абай көшелері, Солнечный кенті,Защита ауданы. Бүгін бригадалар жұмысын бітіреді, кешке дейін қалыпқа келтіреміз.
Эмма Вербуш Мирный кентінде тұрады. Қатты жел салдарынан зейнеткердің үйінің қасындағы емен морт сынған. Қария арнайы мекемеден көмек күтіп отыр.
Эмма Вербуш, қала тұрғыны:
- Жел өте қатты болды. Көптен бері осындай дауыл соққанын көрмеппін. Үйдің шатырын ұшырып әкетер ме екен деп қорықтым. Әйтеуір ағаш қана құлапты.
Коммуналдық сала өкілдері көшелерді рет-ретімен тазалап жатырмыз дейді. Жұмысшылар күн-түн демей еңбек етуде.
Айбек Қасайынов, «Таза Өскемен» КМ директоры орынбасарының м.а:
- Тәулік бойы төрт бригада жұмыс істеп жатыр. 20-дан астам техника, «погрузщик», «самосвал», құлаған тоғайларды тиеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұрғындардан жиналған су, құлаған тоғайлар бойынша шағым түсіп жатыр.
Кейбір ықшам аудандарда қауіпсіздік үшін көлік қозғалысын шектеуге тура келді.
Екпіндей соққан жел жолындағысын жайпап кетті. Кейбір ағаштарды тамырымен жұлса, кейбірінің осылай бұтақтарын сындырып тастаған. Коммуналдық қызмет тұрғындардың түскен өтініштер бойынша әлі де жұмыс істеп жатыр. Кейбір ықшам аудандарда көшелерді үзілген сымнан, сынған ағаштан тазалау үшін жол қозғалысын жабуға тура келді.
Сала өкілдері бүгін электрмен жабдықтау қалыпқа келтіріліп, тазарту жұмыстары толық аяқталады деп отыр. Тұрғындардың айтуынша, бұндай қатты дауыл соңғы он жылда болмаған.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин