Қостанайлық зейнеткер 40 жылда 5 мың кітап оқып шықты
Қостанай облысының Барвинов ауылында тұратын Валентина Токарева 40 жыл ішінде 5 мың кітап оқыған. Кітап оқуды өмірінің ажырамас бөлігі деп санайтын зейнеткер ауыл кітапханасына жиі барады.
Қария қазақ, орыс жазушыларынан бөлек, әлем әдебиетінің классикалық шығармаларын жиі таңдайды. Түрлі онлайн байқауларға қатысып, оқырман күнделігін жазуды да машығына айналдырған.
Валентина Токарева - ауыл кітапханасының құрметті оқырманы. Зейнеткер мұнда кітап алу үшін айына кемінде бес рет келеді. Әлем әдебиетінің классикалық туындыларын іздеп жүріп оқимын дейді.
Валентина Токарева, Барвинов ауылының тұрғыны:
– Чехов, Пушкин, Джек Лондон, Рэй Брэдбери, Эрнест Хэмингуэйді сүйіп оқимын. Ал қазақ әдебиетінен Ілияс Есенберлиннің шығармалары ұнайды. Оның "Көшпенділер", "Хан Кене", "Алмас қылыш" кітаптарын оқыдым. Шыңғыс Айтматовтың туындылары мен Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романы ерекше әсер қалдырды. Қазақ халқының тұрмысы, әдет-ғұрпы өте керемет сипатталған.
Валентина Токарева 62 жасқа дейін 5 мың кітап оқыған. Зейнеткер ерінбей кітаптардың тізімін жасап, шығармадан түйген ойын күнделікке жазып отыруды әдетке айналдырған.
Валентина Токарева, Барвинов ауылының тұрғыны:
- Кітап оқымай отыра алмаймын. Өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды десем артық емес. Кітап оқу көкжиегіңді кеңейтіп, есте сақтау қабілетін жақсартып, түрлі эмоция сыйлайды.
Барвинов ауылында 900-ге жуық адам тұрады. Жартысы кітапханаға жазылған. Руханият ордасы жыл сайын жаңа кітаптармен толығып отырады. Тұрғындар осында келіп, оқырмандарға арналған онлайн байқауларға қатысады. Валентина Токарева сол байқаудың бас жүлдесін жеңіп алған.
Гүлмира Тайжанова, кітапханашы:
- Оқырмандарымыз «Оқы және жең» деп аталатын байқауға үнемі қатысады. Осыған дейін Валентина Николаевна жеңімпаз атанып, 150 мың теңге жүлде ұтып алған. Шағын ғана ауылымызда осындай оқырмандарымыз барын мақтан етеміз.
Былтыр облыс бойынша оқырмандар белсенділігі 25 пайызға артқан. Кітапханашылар бұл "Кітап оқитын ұлт" жобасының жемісі екенін айтады. Жобаға Қостанай өңірінен 50 мың адам қатысып, әрқайсысы 6 айда 15 кітаптан оқыған.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг, Ермек Мухамедьяров