Телефонды мұғалімге тапсыра ма? Мектептердегі смартфон сақтау тәртібі түсіндірілді

Фото: depositphotos.com

Қазақстан мектептерінде сабақ кезінде ұялы телефон қолдануға қатысты бірыңғай талап енгізіледі. Ал оқушылардың смартфондарын қайда және қалай сақтау керегін әр мектеп өз жағдайына қарай өзі белгілейді. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрінің бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.

Оның айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі білім беру ұйымдарында мобильді құрылғыларды пайдалануға қатысты ортақ талаптарды әзірлеген.

Егер оқу процесінде телефонды пайдалану қысқа мерзімді жоспарлауда көзделмесе, бала сабақ кезінде ұялы телефон қолданбайды, – деді Шынар Ақпарова.

Сонымен қатар телефондарды сақтау тәртібін мектеп әкімшілігі өзі шешеді. Яғни оқушы смартфонын мұғалімге тапсыра ма, сыныпта қалдыра ма немесе арнайы орынға қоя ма – бұл білім беру ұйымындағы жағдайға байланысты белгіленеді.

Оқушы телефонды кімге тапсыруы керек – педагогке ме, әлде сыныпта қалдыра ма – мұндай ұйымдастыру мәселелерін әр білім беру ұйымы өзі анықтайды, – деп түсіндірді вице-министр.

Оның айтуынша, кей мектептерде телефондар тікелей сыныпта сақталуы мүмкін. Ал басқа білім беру ұйымдарында смартфондарға арналған арнайы жәшіктер қарастырылуы ықтимал.

Осылайша, мектептерде ұялы телефонды пайдалану және сақтау тәртібі әр білім беру ұйымының ішкі ережесімен бекітіледі.