Данияр Елеусінов алкогольге тәуелділікпен күресіп жатқанын мойындады
Бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов әлеуметтік желіде үндеу жариялап, халыққа қазіргі жағдайын баяндады, деп хабарлайды «24KZ». Боксшы спорттағы жетістіктерінен кейін кездескен өмірлік сынақтары мен денсаулығындағы мәселелерін жасырмады. Олимпиададан кейін алкогольге деген тәуелділік пайда болғанын мойындаған боксшы соңғы оқиғалар өте ауыр тигенін жеткізді.
Олимпиададан кейін алкогольге деген әуестігім пайда болды. Оның қалайша ауруға айналып кеткенін өзім де түсінбеймін. Бірақ бұл күлетін нәрсе емес. Қазір адамдар мені сынап, мазақ етеді. Алайда адам мұндай жағдай өз басынан өткенде ғана оның қаншалықты қиын екенін түсінеді, – деді спортшы.
Ол бір ай бойы оңалту орталығынан өткенін, сондай-ақ өз кінәсінен уақытша ұстау изоляторында болғанын атап өтті. Еске сала кетейік, бұған дейін спортшының ұсталғаны туралы ақпарат таралып, сот шешімімен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, 20 тәулікке қамалғаны хабарланған еді.
Данияр Елеусінов қарапайым адам екенін, ешкім мінсіз емес екенін айтып, жұртты асығыс соттамауға шақырды:
Біз де адамбыз. Ешкім мінсіз емес. Менің де қиындықтарым, проблемаларым бар. Ең бастысы – денсаулық, жақындарымның, әйелім мен балаларымның жанымда болғаны. Ал адамдар бәрібір сөйлей береді.
Сонымен қатар, спортшы алдағы жоспарларымен бөлісіп, АҚШ-қа қайта оралып, Zuffa чемпионы атағын жеңіп алуды мақсат етіп отырғанын жеткізді. Еске салсақ, оның кәсіпқой бокстағы соңғы жекпе-жегі 2025 жылдың шілдесінде АҚШ-та өтіп, филиппиндік Джеймс Бейконды техникалық нокаутпен жеңген болатын. Қазіргі таңда оның кәсіпқойлар арасындағы рекорды – 13 жеңіс, оның ішінде 8 нокаут.