Наурызбай қажы Тағанұлы: Әйелді жылату – азаматтық емес

Фото: depositphotos.com

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әйелдерге жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты пікір айтты, деп хабарлайды «24KZ».

«Кейде қоғамда болып жатқан кейбір оқиғаларды естігенде жүрегің ауырады. Әсіресе отбасының ішінде әйел адамның жәбір көріп, қорлыққа ұшырауы жанға батады. Әйел – бір шаңырақтың шырағы. Біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары. Ол жаңа түскен шаңырағына қорғаныш пен жылулық іздеп келеді. Сондықтан ер азаматтың міндеті – оған қорқыныш емес, қамқорлық сыйлау», – деп жазды әлеуметтік желіде бас мүфти.

Наурызбай қажы ер адамның күші жұдырығында емес, нағыз күш – ашуға ерік бермей, сабыр сақтай білуде екенін еске салды.

«Ашу басылады. Ұрыс та ұмытылады. Бірақ ашумен көтерілген қол мен айтылған ауыр сөз адамның жүрегінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін. Кейде сол бір сәттік ашудың өкініші өмір бойына жетеді. Отбасы – адам өзін ең қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек. Әйел өз үйінде қорқып емес, қадірленіп өмір сүруге тиіс», – деп жазды Наурызбай қажы Тағанұлы.

Ол қыз баласын аялап өсіріп, ақ босағадан үлкен үмітпен шығарып салған әрбір әке мен ананың «Барған жерінде бақытты болсын» деген бір ғана тілегі бар екенін айтты.

«Сол аманатқа қиянат жасамайық. Әйелді жылату – азаматтық емес. Әйелге қорған болу – ердің міндеті», – деді бас мүфти.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз