Қазіргі көкөністе қанша дәрумен бар?

Қазір дүкеннан қысы-жазы жеміс-жидек, көкөністің неше атасын табасыз. Сосын мін таппайсыз. Сырты мұнтаздай, жылтырып көздің жауын алып тұрады. 

Алайда сапасы қандай? Ғалымдар: «Бұрын 1 сәбіздің құрамында кездесетін дәрумендердің мөлшеріне жету үшін қазір оның жиырмасын бір-ақ жеу қажет», - дейді. Енді қайтпек керек? Ғалымдар не дейді? 

Сапалы өнім аламын десеңіз, топырақтың құнарлығын арттыру қажет. Бұл – британиялық ғалымдардың айтуы. Бір шай қасық топырақтың өзінде млрд-таған микроағза болады. Тіпті Жер бетіндегі адам санынан да көп. «Алайда шаруалардың көбі топырақты тірі ағза ретінде мойындамай отыр», - дейді ғалымдар. Жерді гербицид, инсектицид және пестицидтермен улайды. Ал бұл топырақтағы минералдардың азаюына әкеледі. 

Кэти Уорд, компания жетекшісі:

- Адамның микрофлорасында жүздеген пайдалы микроағза мекендейді. Сол сияқты топыраққа да микроағзаларды сіңіру қажет. Біз адамға арналған пробиотиктерді қолданғаннан кейін шаруа қожалығымызда көбелектер көбейді, құстар ұшып келді, жыландар пайда болды. Микроағзалар көзге көрінбейді. Алайда жоғалса, табиғат әлсірейді. Ал қайта көбейгенде, тіршілік жанданады.

Жер бетіндегі топырақ тозып барады. Қазірдің өзінде 40 пайызы жарамсыз. Біріккен Ұлттар ұйымының есебі бойынша, бұл көрсеткіш 2050 жылға қарай 90 пайызға жетуі мүмкін. «Сондықтан жерді барынша аялап, тоздырмай ұқыпты пайдаланса нұр үстіне нұр болар еді», - дейді мамандар. 

Правина Шридхар, Save Soil қозғалысының бас директоры:

- Бұрын топырақ құнарлы еді. 100 жыл бұрын 1 апельсиннің құрамында кездесетін дәрумендердің мөлшерін тұтыну үшін қазір 10-ын бір-ақ жеу қажет. Алайда бұл мүмкін емес. Әрі денсаулыққа қауіпті. Өйткені қанттың көптігі диабетке әкелуі мүмкін. 

Демек құнарлы топырақ – сапалы өнім кепілі. Сондай-ақ бұл – климаттың өзгерісін тежеудің бірден-бір жолы. Өйткені құнарлы топырақ өсімдіктердің бойында жиналған көміртегіні сіңіреді. Ал тозғаны керсінше, парниктік газ бөледі. «Өкініштісі сол, топырақ мұхиттар мен атмосфера секілді жаһандық деңгейде қорғалмайды», - дейді мамандар. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт

 

 

Сондай-ақ оқыңыз: