Қостанай облысында құны 207 млн теңгелік жер мемлекетке қайтарылды
Қостанай облысының Алтынсарин ауданында кадастрлық құны 207 млн теңге болатын орман қорының жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды 24KZ.
Аудан прокуратурасы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау мақсатында орман заңнамасының сақталуына талдау жүргізген.
Нәтижесінде мемлекеттік орман қорының жекелеген учаскелері ұзақ уақыт бойы мақсатқа сай пайдаланылмағаны анықталды. Атап айтқанда, олар сауықтыру, демалыс, туризм және спорт бағыттарында игерілмеген.
Жер учаскелерінің бірі 2007 жылы орман пайдаланушыға берілген. Алайда ол іс жүзінде пайдаланылмай, аумақта туристік инфрақұрылымды дамытуға кедергі келтірген.
Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижелері бойынша жер учаскелері мемлекетке қайтарылды. Болашақта олар инвесторларға туристік жобаларды жүзеге асыру, инфрақұрылым құру және аумақты дамыту үшін ұсынылуы мүмкін, - делінген хабарламада.
Өңір прокуратурасының мәліметінше, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтап, оларды экономикалық айналымға тарту жұмыстары жалғасып жатыр.