Қызылордада дәнді құмайдың 6 үздік сорты анықталды

Қызылорда облысында дәнді құмайдың 40 сорты сынақтан өткізілді. Қуаңшылыққа төзімді дақылды «Африка наны» деп те атайды. 

Отандық ғалымдар шығымы жақсы болған 6 сортты таңдап отыр. Олар несімен ерекшеленді? 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл тәжіребиелік алқапқа мамыр айында дәнді құмайдың 40 сорты егілді. Ғалымдар оны ала жаздай баптап, бақылады. Әр сорттың шығымы әртүрлі. Бірі биік, бірі аласа өскен. Мамандардың айтуынша, дәнді құмай күрішпен салыстырғанда ылғалды үш есе аз тартады.Қуаңшылық жағдайында да өсуін тоқтатпайды.   

Қарлығаш Қаймолдаева, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің докторанты:

Қазіргі құрғақшылыққа және Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуіне байланысты күріш ауыспалы егістігін тиімді пайдалануға мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде нан өнімдерін өндіруге де белгілі бір үлесін қосады.

Дақылдың биіктігі 120 сантиметрден аспауы тиіс. Бұл комбайнмен орып, жинау үшін өте маңызды. Сонымен бірге 90 күн ішінде пісіп-жетілетін және орташа өнімділігі гектарына 50 центнерден кем болмайтын сорттар таңдалады. Осы тұста ғалымдардың еңбегі өз нәтижесін берді.

Ибадулла Таутенов, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-зерттеушісі

- Міне, біз қазір 90 күн төңірегінде пісетін алты сортты таңдап алдық. Бұл сорттарды келесі жылы өнімділігі жоғары әрі сапалы жаңа сорттар шығару үшін пайдаланамыз.

Өңірде жыл сайын суармалы су тапшылығы сезіліп жатыр. Осыған орай, аймақта егінді әртараптандыру шаралары қолға алынды. Биыл күріш 10 мың гектарға дейін қысқартылып, орнына жүгері егілді. Алдағы уақытта өңірде экономикалық тиімді дақыл түрлерін өндіріске енгізу жоспарланған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев

Сондай-ақ оқыңыз: