Қостанайда зейнетақы ақшасын заңсыз аударған әйелге 2 жыл жаза тағайындалды

фото: depositphotos.com

Қостанай облысының Мендіқара аудандық соты зейнетақы жинақтарын заңсыз аударған әйелге 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар одан мемлекет кірісіне 16,4 млн теңгеден астам заңсыз алынған қаражат өндірілді, деп хабарлайды 24KZ.

Сот мәліметінше, сотталушы Ш. 2025 жылғы қараша мен 2026 жылғы қаңтар аралығында медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы жоқ «MARTEBE CLINIC» жеке кәсіпкерлігі арқылы зейнетақы жинақтарын заңсыз аударуды ұйымдастырған.

Зейнетақы төлемдерін алушылармен жасалған шарттарда көрсетілген медициналық қызметтер іс жүзінде көрсетілмеген. Қаражат кәсіпкерліктің есепшотына түскеннен кейін «Kaspi Pay» арқылы төлем алушылардың өздеріне немесе олар көрсеткен басқа адамдардың банк шоттарына аударылған. Бұл үшін сотталушы материалдық сыйақы алған.

Сот анықтағандай, заңсыз аударылған қаражаттың жалпы сомасы 16 млн теңгеден асқан.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Сот жазаны тағайындау кезінде оның кәмелетке толмаған балалары бар екенін, кінәсін мойындап келгенін және басқа да жеңілдететін мән-жайларды ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Осыған байланысты сот Ш.-ға 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны орындау 5 жылға кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар сот одан мемлекет кірісіне 16 млн 432 мың теңге заңсыз алынған кірісті өндірді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз: