Республикалық автожолдарда цифрлық патруль жүйесі іске қосылды

Еліміздің республикалық автожолдарында цифрлық патрульдеу жүйесі іске қосылды.

Бүгін "Қазавтожол" компаниясының өкілдері тиісті пилоттық жобаны таныстырды. Патрульдеу арнайы мобильді қосымша арқылы жүргізіледі. Сол арқылы жол қызметкерлерінің қай учаскеде қандай жұмыс атқарып жатқанын көруге болады. Бұл ақпарат кәсіпорынның бірыңғай базасына түседі. Айта кетерлігі, бұған дейін қызметкерлер атқарған жұмысы туралы есепті күн сайын қағаз түрінде тапсыратын. Жаңа жүйе уақытты үнемдеп, бүкіл процестің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Жол тазалауға шығатын техника да заманауи бақылау жүйелерімен жабдықталды.

Нұрхат Ақылтаев, "Қазавтожол" Ұлттық компаниясы" АҚ Басқарма басышысының орынбасары:

- Техниканың барлығы Джипиэс-пен қамтамасыз етілді. Әрқайсысы қай жерде, бір күнде қанша жүрді, қанша уақыт бір орында тұрды, не себепті тұрды, көп ұзақ уақыт тұрып қалған жағдай болса, орталықтан қоңырау шалып, не себепті тұрғанын біледі. Кейде бір нүктеде атқарады жұмысты. Қанша жанар-жағармай құйылатыны осының барлығы белігілі болып тұрады. 

«Қазавтожол» мамандарының айтуынша, қысқы кезеңге дайындық жұмыстары 94 пайызға орындалған. 2023 жылдан бері компания мыңға жуық арнайы техника сатып алды. Биыл тағы 700 су жаңа көлік алу жоспарланып отыр. Олар өңірлердің қажеттілігіне қарай бөлінеді. Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдардың бойына мобильді дәретханалар қойылады. Олар жол жабылған және халық көп шоғырланған учаскелерге жеткізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз: