Рахман қайнарына апаратын жол жөнделді
Рахман қайнарына апаратын жолдың құрылысы аяқталды.
Ұзындығы 13 шақырымдық күре жолға алғаш рет асфальт төселді. Бұған дейін тұмса табиғатымен танымал аймаққа, яғни бұлақ басына баруға 2,5-3 сағат уақыт кететін. Енді небәрі 20 минутта жетуге болады. Мамандардың айтуынша, жаңа жол өңірдің туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, Ұлттық парк қызметкерлерінің жұмысын да жеңілдетеді.
Қатон-Қарағайға бет алған жұрт Рахман қайнарын көрмей кетпесі анық. Біреулер мұнда демалуға, енді біреулер шипалы суына түсіп ем алуға асығады. Алайда кедір-бұдыр жол талайды райынан қайтарғаны рас. Енді қайнар басына жету жеңілдеді. Екі жылға созылған жоба аяқталып, 13 шақырымға асфальт төселді. "Географиялық күрделі жер бедерінде жол салу оңайға соқпады", - дейді мамандар. Құлама құз шетінде ауыр техниканы бір-біріне сым арқанмен жалғап ұстап жұмыс істеуге тура келген.
Дархан Иманашев, “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Басқарма төрағасы:
- Барлық адамда бір сұрақ: неге 13 шақырымды екі жыл бойы салды? Бұл жолдың ерекшелігі Ұлттық паркте болу себепті жару жұмыстарын атқаруға болмайды, сол себепті тек қолмен, экскаватормен ұлғайту жұмысын атқардық. Ол көп уақыт алды.
Ұлттық парк қызметкерлері: "Бұрын Рахман көліне туристерді ертіп апару ыңғайсыз еді", - дейді. Өйткені жол талғамайтын көліктің өзімен сағаттап жүріп әрең жететін.
Серік Қоңырбаев, Қатон-Қарағай ұлттық паркінің қызметкері:
- Экосоқпағымыз бар, көп туристерге жолы өте қиын болған, қазір жол жөнделіп келу уақыты да қысқарды, жолда жүру енді жайлы болды.
Рахман қайнарын бір көруге асыққандар қатары артып келеді. Былтыр тек осы бұлақ басына ат басын бұрған 26 мың турист тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш екі есе артқан.
Джан Ял, турист:
- Шанхайдан арнайы келдім. Бұрыннан осы жақты көргім келетін. Табиғаты, қазіргі күзгі көрінісі тіпті керемет екен. Тұрғындары да сондай мейірімді, қонақжай.
«Жол активтерінің сапасы» Ұлттық орталығының өкілдері 13 шақырым жолды 13 рет тексеріпті. 33 сынама алынып, екі ескерту жасалған. "Қазір ол олқылықтар жойылды", - дейді олар. Енді жол бойын абаттандыру жұмыстарына мән берілмек. Әдемі алаңқайлар, тынығу орындары бой көтеруде.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Тұтас алғанда осы Қатон-Қарағай жақта 165 шақырым жол жаңартылуы тиіс. Биыл соның 120 шақырымы аяқталады. Демек, өңірдегі Алтай, Үлкен Нарын, Рахман қайнары сынды туристік бағытқа жету қауіпсіз, әрі жылдам болады.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин