Елде 20 мыңнан астам полицей жетіспейді

Полицей боламын. Иә, бұрын әр баланың арманы қоғамның тыныштығын қору еді. Ал бүгінде ресми статистикаға сүйенсек, елде 20 мыңнан астам полицей жетіспейді. Кадр тапшылығы әсіресе өңірлерде күйіп тұр. Жауаптылар мәселені қалай реттемек, деп хабарлайды 24KZ.

Олар қоғамның тыныштығын күні түні көз ілмей күзетеді. Бұзақыны құрықтап, қандыгөй қылмыскердің ізін кеседі. Кейде қат-қабат қызметтің соңында жүріп, өз басын қатерге тігеді. Иә, жұмысы ауыр, ал міндеті мың батпан полицейдің жауапкершілігі – қарапайым жандардың қауіпсіздігі.

Захар Стрельников, ПД патрульдік полиция инспекторы:

– Байланыс тобында жұмыс істеймін. Біздің батальонда оны «связь» деп атайды. Бейнежетондарды тексеріп, барлық базаны қарап, олардың жұмысын бақылап отырамын. Сапқа тұрғызу кезінде бейнежетондарды таратып беремін, қуаттап қоямын, ал кешке қайта жинап аламын.

Десе де мұндай абыройлы жүкті екінің бірі арқаламайды. Содан болса керек, елде кадр тапшылығы жылдан-жылға өзекті болып барады. Бүгінде қатарға тағы 20 мыңнан астам полицей қажет.

Игорь Лепеха, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

– Қазір патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жетіспейтіні ешкімге құпия емес. Патрульдік полицияға кемінде тағы 10 мың қызметкер қажет. Өйткені олар қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және қала сыртындағы жолдарда да қызмет атқарады.

Халық санының өсуі де түйткілді тереңдетіп отыр. Жаңа аудандар пайда болып, қала кеңейген сайын ондағы тұрғындардың тыныштығын қоритын сақшыға да сұраныс артты. Айталық, бүгінде бас қаланың өзінде 100-ге жуық учаскелік полиция инспекторы жетіспейді. Кадр тапшылығы әсіресе ауыл-аймақта өткір тұр. Бұл ретте ведомство әкімдіктермен бірлесіп, полиция қатарын кезең-кезеңімен толықтыруды көздейді. Бұған қоса, сала мамандарының біліктілігін арттыру да өзекті мәселе.

Дархан Төкеев, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері:

– Ауылдық жерлерде учаскелік полиция инспекторлары ауылды аралап, жергілікті тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олардың туған-туыстары да сол ауылда тұруы мүмкін. Дегенмен, олар қызметтік мәртебесіне сай әрекет етуі керек. Бізде біліктілікті арттыру курстары бар, бұл да өз әсерін тигізуі мүмкін. Ең бастысы, бірыңғай тәртіп орнату қажет. Сервистік полицияның жұмысы еліміздің барлық аумағында бірдей деңгейде жүзеге асырылуы керек.

Қоғамдық тәртіп сақшыларының құрамын ғана емес, материалдық-техникалық базасын да жақсарту міндеті тұр. Полицейлердің жұмысын жедел әрі тиімді етуде заманауи құрал-жабдықтардың көмегі зор. Көше бойындағы самаладай самсаған камералармен қатар, жасанды жадымен басқарылатын бақылау жүйелері елде қылмысты төмендетуге сеп.

Автор: Назерке Тоқжан

Сондай-ақ оқыңыз: