Каспий теңізіне қатысты болжам жарияланды
Каспий теңізі тартылып барады.
Ғалымдар мұндай қарқынмен су деңгейі 4 метрге дейін түсіп кетуі мүмкін деп отыр. Теңізге қатысты Әзербайжан мамандары қандай болжам жасап отыр?
Каспий 2005 жылдан бері тартылып барады. Теңізге құятын өзендердің де суалып бара жатқаны байқалады. Мамандар бұған жаһандық жылыну әсер етіп жатқанын айтады. Экологтардың пікірінше, кейінгі 15 жылда теңіз суы 4 метрге төмендеген.
Саид Сафаров, География институты Каспий теңізі гидрометеорологиясы бөлімінің басшысы:
- Каспий теңізі әлемдегі ең ірі жабық су айдының бірі. Ол мұхиттармен тікелей шектеспейтіндіктен су деңгейі үнемі өзгеріп тұрады. Мұндай құбылыс уақытша немесе ұзаққа созылуы мүмкін. Мысалы, бірнеше күн бойы соққан қатты желден теңіздің бір жағында су көтерілсе екінші жағында төмендейді.
Бакудегі сарапшылар Каспийдің таяздану мәселесін шешу үшін Халықаралық ғылыми орталық құруды ұсынады. Бұл теңіз жағалауындағы елдердің ғалымдарына түйткілді бірлесіп зерттеп, шешуге мүмкіндік бермек. Биыл Ашхабад саммитінде Каспий жағалауы елдерінің басшылары теңізге қатысты келісіліген ережелерді сақтауға уағдаласты.
Саид Сафаров, География институты Каспий теңізі гидрометеорологиясы бөлімінің басшысы:
- Зерттеулер кейінгі 5-6 жылда Волга өзенінің суы азайып бара жатқанын көрсетті. Каспий теңізінің төмендеуінің бір себебі де осы. Жалпы болжам көңіл көншітпейді. Әлем ғалымдары Каспий теңізі аймағындағы экологиялық жағдай кейін экономикалық және саяси тұрақтылыққа теріс әсер етуі мүмкін деп отыр.
Сарапшылар Каспий теңізі суының азаюы жағалаудағы елдердің экономикасы мен экологиясына тез әсер ететіндіктен ұзақмерзімді болжам жасауға шақырып отыр. Осы факторларға байланысты Әзербайжандағы Гидрометеоролгия жөніндегі үйлестіру комитеті Каспийде үнемі сараптама жүргзуді жалғастыруға ниетті.
Камилла Джабарова, Айгюн Гасан