Елімізде 86 жол учаскесі жабылды
Елімізде ауа райының қолайсыздығына байланысты 86 жол учаскесі уақытша жабылды.
Оның ішінде тең жартысы республикалық маңызы бар тас жолдар. Блок-бекеттерде 600-ге жуық көлік кептелісте тұр. 700-ге жуық адам қар құрсауынан құтқарылды. Оның ішінде шамамен 140-қы бала. Елордадан шығар, барлық бағыт жабық. Тек қала іргесінде тұратындар ғана, жеңіл көлігімен Астанаға кіріп шыға алады.
Бұл Астана-Қарағанды тас жолы. Жол сақшылары жергілікті мемлекеттік тіркеу номері бар көліктерді ғана бас шаһар іргесіндегі ауылдарға өткізіп жатыр. Алыс жолға шыққысы келетіндер жоспарын кейінге қалдыруға мәжбүр. Көлік жүргізушілері жолды дер кезінде қардан тазартпай жатыр деген шағымын айтуда.
БЛИЦ
- Әй, кетші ары қарай бар. Оған ұрыспаңыз. Республикалық маңызы бар жол. Ақылы жол. Ақшасын төлейміз. Неге сендер жұмыс істемейсіңдер?
- Жиі шығып тұрасыз ба жалпы боранды күндері? Жоқ, бүгін ғана. Қайнымды ауруханаға апару керек. Соған бола бара жатырмын. Әйтпесе шықпайтын едім.
- Қарағандыға бара жатырмын. Қайту керек үйімізге. Қайта алмай жүрміз. Үшінші күн болды. Бүгін үшінші күн.
- Қай жаққа қарай бағыт алдыңыз? Осакаровка. Жол қашан ашылады дейді. Сіз енді қалаға қайтпайсыз. Осы жерде күтесіз ғой. Кеше ұшақпен келгем. Сондай себеп болып қалды. Әйтпесе, ертерек білуші едім.))
Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалиннің айтуынша, құтқарылғандардың басым бөлігі қонаққа бара жатқан азаматтар.
Қаһарман Оразалин, ҚР ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы:
- Тұрғындарды эвакуациялау үшін автожолдардың жабық учаскелерінде 838 уақытша жылыту пункті дайындалды. 99 бірлік техника дайын тұр. Уақытша жылыту пункттерінде 171 адам, оның ішінде төртеуі бала. Халықты ескерту мақсатында ауа-райының нашарлауы туралы 232 смс-хабарлама жіберілді. "Дәрмен" мобильдік қосымша арқылы 71 хабарлама жіберілді.
Ақтүтек боран мен қытымыр аязда шалғай жердегі елді мекенге жеткісі келіп, жолда қалғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Өйткені олар өздерінен бұрын, көлік ішіндегі жолаушылардың өмірі мен денсаулығын қатерге тігеді, дейді құтқарушылар.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Бұдан былай көлік жүргізушілеріне қойылар талап күшейтіледі. Мәселен, жол сақшыларына бағынбай, оларды алдап боранды күндері алыс жолға шыққандарға шамамен 95 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Жағдайды қайталағандар 15 күнге дейін қамауға алынады.
Айта кеткен жөн, Қарағанды тас жолы бойынша шамамен 20 уақытша жылыту бекеті бар. Жалпы Қарағанды, Абай, Жамбыл және Түркістан облыстарында қарға батқан 150-ге жуық көлік қауіпсіз жерге шығарылды. Апатты-құтқару жұмыстарына барлығы мыңнан астам адам мен 570 техника бірлігі жұмылдырылды. Қазір жолды тазарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов