Еліміздің бірнеше өңірінде ақтүтек боран
Еліміздің бірнеше өңірінде ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран соғып, жол қатынасы қиындады.
Қала тазалығымен айналысатын мамандар көшелерді ақ ұлпадан аршып үлгермей жатыр. Ал Төтенше жағдай қызметі қар құрсауында қалғандарды құтқаруда. Синоптиктердің болжамы бойынша қолайсыз ауа-райы алдағы күндері де сақталады.
Еліміздің Шығысында қар қалың түсіп, желдің екпіні секундына 30 метрге жетті. Облыстық және республикалық маңыздағы 6 күре жол жабылған. Төтенше жағдай қызметі қар құрсауында қалған 40 адамды құтқарды.
Жадыра Аманғалиқызы, Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы:
- Соның бірін айтатын болсақ, Привольное ауылының маңайында 5 шақырым жерде бір көлік жолдың шетіне шығып кетіп, қарға батып қалған, көмек сұрауға тура келді. Бұл жерге апаттар медицинасының бригадасы келіп, осы адамдарды алып шықты, онда 5 адам болған.
Абай облысында да ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран. Бір тәулікте жолда қалған 60-тан астам адамға көмек көрсетілді. Оның алтауы бала. Құтқару жұмысына Төтенше жағдай департаменті жеке құрамының 25 адамы мен 7 техникасы жұмылдырылған.
Алексей Штыкель, Абай облысы ТЖД бастығының орынбасары:
- Біз тәулік бойы тыным таппай, күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырмыз. Кеше жол талғамайтын 20 көлікпен қар құрсауында қалған адамдарға көмек қолын создық.
Қарағанды облысында да ауа райы қолайсыз болып тұр. Құтқарушылар түні бойы 220 адамды қар құрсауынан алып шыққан. Барлық жолдар жабылып, көлік кептелісі басталды. Ескертуді елемей, тәуекелге бел байлағандарды тәртіп сақшылары бекет маңынан тоқтатып, кері қайтарып жатыр. Ал заңға бағынбағандары жауапқа тартылады. Әзірге үш факті тіркелді.
Талғат Оспанов, ЖПҚ басқармасы басшысының орынбасары:
- Тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбай, жолға шығып кеткен үш жүргізуші де әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 667 бабына сәйкес жазаға тартылады. Яғни 15 тәулікке қамауға алынуы мүмкін немесе 13 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Қазір олардың жеке бастары анықталды.
Павлодар облысындағы республикалық маңызы бар бірқатар жолда да көлік қозғалысы шектелді. Қазір Шідерті кентінің маңында шамамен 118 техника қаңтарылып тұр. Жолаушылар мінген 5 автобус та ауа-райының жақсарғанын күтуге мәжбүр. Жол бойында жасақталған үш бірдей жылыту бекетін 225 адам уақытша паналап отыр. Жергілікті билік жаураған жолаушыларға ыстық тамақ ұйымдастыруда.
Ал Орал көшелері көктайғаққа айналды. Жылдың алғашқы күні қар еріп, артынша аяз түсуі тұрғындарға қолайсыздық тудырып отыр. Салдарынан тайып құлап, жарақат алғандар көбейді. Соңғы үш тәулікте облыстық аурухананың травматологиялық бөлімшесіне 230 адам түскен. Олардың 113-і дәл осы көктайғақ кесірінен жарақат алған екен. 9 адам ауруханаға жатқызылса, қалғаны үйіне жіберілді.
Медғат Халиулла, травматолог-дәрігер:
- Асқыну бірден пайда болмаса да, 2-3 күннен кейін пайда болуы мүмкін. Ең бірінші ауруханаға келіңіздер, емшіге емес. Емшіден кейін көптеген асқынулармен қабылдап жатамыз адамдарды.
Қалың қар Ақтөбеде жұртын да әбігерге салды. Коммуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өткен түнде 130-дан астам арнайы техника мен 90-ға жуық жұмысшы қала көшелерін тазалауға шыққан. Өткелдер, көпірлер, жаяу жүргіншелерге арналған жолдар мен аялдамаларға құм себілді. Ауа-райын болжаушы мамандардың айтуынша, алдағы 3 күнде қар мол түсіп, тағы боран соғуы мүмкін.