Павлодарда 8 сынып оқушысы 30-ға жуық экзотикалық жеміс түрін өсіреді
Ол оқушылар сарайының жанындағы үйірмеге қатысады. Жасөспірім қыз аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференцияда өзінің алғашқы ғылыми еңбегін сәтті қорғап шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жасыл технологиялар зертханасы өсімдік түрлерін топырақсыз өсіру тәжірибесіне негізделген. Виктория Тюряхина маракуйя мен тропикалық лиананы егіпті. Керамзит пен аквапоникада көктеп тұрған жасыл желек бір жағынан аквариумның суын тазарту мақсатында да қолданылады.
Виктория Тюряхина, оқушы:
- Экзотикалық өсімдіктерге деген қызығушылығым 12 жасымда оянды. Бірінші рет анар өсіріп көрдім. Қазір жемістерімнің саны 30-ға жетіп қалды. Олардың тұқымын жергілікті базарлардан сатып аламын. Ыстық жақтарға демалуға барған достарым да әкеліп береді.
Жасөспірім қыз экзотикалық өсімдіктерді күтіп-баптаудың түрлі әдіс-тәсілдерін меңгеріп алған. Жүргізілген тәжірибелері мен сынақтары жайында ол өзінің YouTube каналында бөліседі.
Айгерім Оразбаева, "Biogreen" үйірмесінің жетекшісі:
- Біз экзотикалық өсімдіктерді ары қарай да өсіре береміз. Олардың қалыпты ортаға қалай бейімделетінін зерттейміз. Мәселен, Викторияның үйінде олар жеміс беріп жатыр.
Виктория Тюряхина болашақта өсімдік түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Жуырда ол мектеп оқушылары арасында өткен өңірлік «Менің Отаным –Қазақстан» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда топ жарды. Талапты оқушының «Жасыл планета» жобасы қоршаған ортаны қорғауға үндейді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат.