Қызылорда облысында көл бетіндегі мұз ойылып жатыр

Қызылорда облысына тән желді қара суық биыл ерте түсті. Қазіргі таңда өңірдегі су айдындарының бетін мұз жапқан.

Әсіресе ағыны аз көлдер жүйесіндегі мұздың қалыңдығы жарты метрге жуықтап қалды. Салдарынан балықтарға оттегі жетіспей қалуы мүмкін. Қауіптің алдын-алу үшін сырбойлық табиғат пайдаланушылар су маржандарын құтқару шараларына білек сыбана кірісті.
Аймақтағы 200-ден аса көлдің 185-і жеке тұлғаның иелігінде. Жалағаш ауданындағы Таң ауылының тұрғыны Жақсыбике Ишамбекова 15 жылдан бері бала-шағасын осы көлдің арқасында асырап келеді. Аумағы 17 гектар болатын Қарасу айдынын 49 жылға жалға алған зейнеткер балық өсіріп, аулап, соны қалаға апарып сатып, отбасының нәпақасын айырады. 

Жақсыбике Ишамбекова, көл иесі:

- Балаларым күріштік біткеннен кейін балық әкеліп салып тұрады. Тазалығына қарайды. Мұз бетін ойып, қыста да қарап тұрады. Балаларым балық алуап, сатып, әп-әдемі өз балаларын асырап отыр осы Қарасудан. 

Өткен жылдың ақпан айында Арал ауданы Бөген ауылы маңындағы шағын арнада оттегі жетіспеуінен балық қырылған болатын. Мұндай дерек қайталанбас үшін табиғат жанашырлары көлдердің бетін бірнеше жерден ойып, су маржандарының желбезегімен еркін тыныстауына қолайлы жағдай жасап жатыр.   

Бақтияр Балжанов, Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

- Осы мұз еріп көктем басталған кезде тазалық акциясы басталады. Сол кезде балықшылардың құрып кеткен синтетикалық ауларын тазартып, алдын-алып отырамыз. Балық қоры жылдан-жылға көбейіп келе жатыр. Себебі кәсіпшілік балық аулауды көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығына алмастырып жатырмыз. Ол дегеніміз әр су айдынын алған иесі көлге балық жіберу арқылы өз балығын көбейтіп жатыр. 

Жалпы табиғи құбылыстан бөлек аймақта балықты заңсыз аулайтын қаскөйлерден де келетін қауіп-қатер толастар емес. Мәселен былтыр инспекторлар 455 браконьерді қолға түсірген. Олар суда тіршілік ететін жануарлар дүниесіне 5 миллион теңдеген астам залал келтірген.