Ақтөбелік сағатшылар әулеті көпшіліктің назарына ілікті
Сағатшылар әулетінің сырлы әлемі. Ақтөбеде сағат жөндеу ісін әкеден балаға мирас қылған отбасылық кәсіп қарқын алып, көпшіліктің назарына ілікті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Уақыт өлшеуші құралының кез келген түріне «жан бітіре» білетін Акчуриндер қазір бұл саладағы соңғы технологияны меңгеріп жүр.
Бұл – Исхак Акчуринге әкелінген сағаттардың бірі. Ескі болса да, сапалы әрі баға жетпес сағаттар шеберханасында толып тұр. Ал өзінің уақыт өлшеулі құралдар жөндеумен айналысып келе жатқанына 30 жылдан асқан. Яғни, бала күнінен қаладағы санаулы сағатшылардың бірі болған әкесін бір елі қалмай, кәсібіне қызығып меңгеріп алыпты. Содан бері бұл істі еш тастаған емес. Экономист мамандығын меңгеріп, бұған дейін өзге қызмет атқарса да, сүйікті кәсібін үнемі жетілдіріп отырған.
Исхак Акчурин, шебер:
- Бұл істің қыр-сыры көп болғандықтан, төзім мен табандылық қажет. Көне, тіпті кейде ең қымбат сағаттарды да алып келіп жатады. Қарап тексеру барысында, кей кездері қарапайым күтім жасалмағанын білесің. Мысалы, жақында Ыстықкөлге барып, суға батырып алған сағатты жөндетуге әкелді. Қарасақ, құнсыз. Сондықтан болар, көпшілік қымбат сағатқа шаң, су кірмейді деп ойлайды. Шындығында олай емес.
Шағын шеберханаға келушілер көбейген. Кейбірі тіпті ұзақ уақыт қолданған сағатын тапсырып та кеткен. Нәтижесінде мұнда қарапайым қол сағаттардан бастап, ғұмыры ғасырлардан да асып жығылатын сирек кездесетін сағаттар бар. Мәселен, қабырғаға ілінетін уақыт құралдарының ішінде ағылшын, неміс және швейцарлық өнімдерді көруге болады. Бәрін де Исхактың анасы Розалия әжей жөндеген. 68 жастағы кейуана да бұл істі жолдасынан үйреніпті. Негізінен ескі-құсқы сағаттарға жан бітіруді әбден меңгерген.
Розалия Акчурина, шебер:
- Жолдасымнан ерте айрылған соң балаларыммен қалдым. Оларды асырап, жетілдіру керек екені түсінікті. Исхак бала күнінде мектептен келген соң сағаттың әйнектерін тазалап, сүртіп, қайта жабыстыруды үйренді. Сөйтіп, маған көмектесіп, осы кәсіпті жалғастырып кеттік. Содан бері еш тастаған емеспіз. Әулетіміздің сүйікті ісіне айналып кетті.
Бүгінде Акчуриндер әулетінің сағат жөндеу ісіндегі жалпы еңбек өтілі 70 жылдан асады. Отбасы мүшелерінің айтуынша, бұл кәсіпті қазір дамыту оңай бола түсті. Уақыт өткен сайын клиенттер көбейіп келеді әрі сағатқа қажетті бөлшектерді сырттан жеткізуде де әзір қиындық жоқ.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.