Қызылжар ауданында жұмыссыздықпен күрес қарқынды жүріп жатыр
Тек былтырдың өзінде мұнда 125 адамға қайтарымсыз грант берілген. Нәтижесінде жас әрі көпбалалы отбасылар өз ісін ашты.
Кәсіптен нәсіп тауып отырған жандармен аймақтағы әріптесім Самат Қайырденұлы кездесіп қайтты.
Бибінұр Жамалеева 2010 жылы Ресейдің Қорған облысынан ата-жұртты аңсап, Қазақстанға қоныс аударған. Тігіншілік өнер оған анасынан дарыған екен. Кәсібін бастау үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды. Қазір тігін машинасы тыным таппайды. Кез келген тапсырысты үйінде отырып жасай береді.
Бибінұр Жамалеева, Бәйтерек ауылының тұрғыны:
- Көбінесе ауылдың кісілері келіп киімдерін тіккезеді, ана жерін, мына жерін тігіп бер деп. Сондай ремонтпен айналысамын. Қалта тігемін, дорбалар, көрпеше тігемін. Көбіне тапсырыстар осы қалталардан келеді. Қазіргі кезде мынадай юртаға заказ берді. Наурыз айына дейін істеп, бітіру керек деген, бірақ наурызға дейін емес ертерек бітіремін.
Ал Бескөл ауылының тұрғыны Татьяна Анохина атаулы әлеуеметтік көмекке мұқтаж жас аналардың бірі еді. Отбасының табысы төмен болған соң, үш баланың анасы мемлекет көмегіне жүгінді. Нәтижесінде былтыр көзілдірік сататын сауда нүктесін ашты.
Татьяна Анохина, Бескөл ауылының тұрғыны:
- Гранттан бөлек қазір жылдық мөлшері 2,5%-тен аспайтын несиелер беріліп жатыр. Енді соны рәсімдеп, қажетті қондырғыларды сатып алсам деймін. Себебі ауыл тұрғындары көздерін тексерту үшін қалаға қатынауға мәжбүр.
Жалпы мемлекет қолдауының арқасында Қызылжар ауданында жұмыссыз жүрген азаматтардың саны едәуір азайды. Көбі қызмет көрсету саласында кәсіп ашқан.
Жанар Ақылбекова, Қызылжар аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
- Егерде 2018 жылы 6,5 мың жұмыспен қамтылмаған адам болатын болса, 5-6 жылдың көлемінде осы мемлекеттік қолдаудың арқасында олардың саны қазіргі таңда 3771-ге азайған. Бұл өте жоғары көрсеткіш деп ойлаймын. Көбіне аз қамтылған отбасылар, көп балалы не болмаса жастарға беріледі.
Өткен жылы мұнда 125 адамға 128 млн теңгенің мемлекеттік гранты берілген. Ал олардың 70-і оңтүстіктен қоныс аударған отбасыларға бұйырыпты.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков