Атырауда қант қызылшасын өңдейтін зауыт салынуы мүмкін

Бұл жоба іске асса, өңір тұрғындары тәттіден таршылық көрмейді.

Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше тәжірибе ретінде биыл тек 6 гектар аумаққа қант қызылшасы егіледі. Қанатқақты жоба жемісті болса, инвестор тарту жұмыстары қолға алынбақ. Мамандар қант қызылшасын өсірудің егіншілер үшін қиындық тудырмайтынын айтады. Өйткені көкөніс күтіп-баптауды аса қажет етпейді екен.

Тілек Әміров, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Әзірге Жайықтың екі жағына екі шаруашылықпен келісіп отырмыз. Қант қызылшасын егіп қарау керек. Ондағы мақсат қандай болады? Біздің жерімізде қант қызылшасының 1 гектарынан қанша өнім алуға болады? Оның өндірілген өнімі ішінде қанттың құрамы қандай болады? Соны анықтап-біліп және, біздің ойымызша, семинар жұмыстарын ұйымдастырып, Атырау облысынан мынадай өнімдерді өндіруге болады деп инвесторларды тарту.