ШҚО-да қазандық жұмысы қалыпқа келтірілді
Шығыс Қазақстанда Риддер жылу электр орталығының жұмысы қалыпқа келтірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Естеріңізге салсақ, осыдан 1 апта бұрын аталған мекемеде оқыс жағдай болып, көмірді жеткізу цехы өртенген еді. Сөйтіп, кәсіпорындағы жағдай қайта ушыққан болатын. Салдарынан жылу орталығы мазутпен жұмыс істеуге көшіп, өрт сөндірілген соң бірден жөндеу жұмыстары басталды. Мамандардың айтуынша, конвейерлік желіні жөндеу жұмысшыларды бірталай әуреге салған. Ауыр темір бөлшектерді қолмен құрап тұруға тура келген. Осындай күрделі шаруаға Өскемендегі жылу электр орталығының және Риддердегі кен байыту комбинатының жұмысшылары жұмылдырылды.
Валерий Пыхтарев, Риддер тау-кен комбинатының өкілі:
- Метал құрылғылар мен конвейерлік желіні монтаждау жұмысы жүргізілді. Барлық механизмдер қалыпқа келтірілді. Яғни, жылу электр орталығын осы күрделі жағдайдан шығару үшін біз жан аямай еңбек еттік.