СҚО-да қар құрсауында қалып қойғандар құтқарылды
Әсіресе өткен түнде Шал ақын, Айыртау, Ғабит Мүсірепов және Есіл аудандарында ауа райы күрт бұзылып, жол қозғалысы қиындады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Кей жерлерде желдің екпіні 20-25 метрге дейін жетіп, боран соғып, 20-дан астам адам діттеген жеріне жете алмай қалды. Олардың қатарында балалар да бар. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жолда қалғандарды қауіпсіз жерге апарды. Ең бастысы, зардап шеккендер жоқ. Жақын күндері аймақта әлі де тұрақсыз ауа райы сақталады деген болжам жасалып отыр. Сондықтан құтқарушылар алыс сапарға шықпау керектігін ескертеді.
Жалпы, айта кету қажет, қазіргі таңда өңірде 300-ге жуық жылыту бекеті жұмыс істеп тұр.
Владимир Хутинаев, облыстық ТЖД басқармасының басшысы:
- Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Мұқыр ауылынан хабарлама түсті. Біздің қызметкерлер жол талғамайтын көлікпен аталған елді мекенге барып, 1968 жылы туған азаматты ауруханаға жеткізді. Науқасқа бірден медициналық көмек көрсетілді.