Павлодар облысында құс фабрикасы қайта іске қосылады

Павлодар облысында ірі құс фабрикасы қайта іске қосылмақ. Қазір болашақ инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Басты мақсат – ішкі нарықты тауық етімен қамту. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік азық-түлік санатындағы құс еті қазір өзге облыстардан тасымалданып жатыр. Бұл мәселені шешуге шетелдік кәсіпкерлер қызығушылық танытып отыр. Жоба мақұлданса, мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіледі.

Айта кетейік, Павлодардың іргесіндегі құс фабрикасы 9 жыл бұрын ашылып, кейін жабылып қалған болатын. Жалпы, өңірде агроөнеркәсіп саласын дамыту мақсатында 40-тан астам инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сүт, құс етін өндіру, суармалы жерлерді іске қосу және көкөніс қоймаларын салу жобаларына 48 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланып отыр. 

Серік Батырғожинов, облыс әкімінің орынбасары:

- 1 айдың ішінде 3 инвестормен кездестік. Бірінші талап – екі құс фабрикасын сатып алу. Бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның екеуі –шетелдік инвесторлар, олардың Қазақстан заңына сәйкес құжаттары болса деген мәселе бар. 2-3 күн бұрын тағы инвестор келді. Ол инвестордың Өзбекстанда құс мәселесі бойынша 3 фабрикасы бар.