Шенген визасын алуға өзгеріс енгізіледі
1 наурыздан бастап шенген визасын алуға қатысты өзгеріс енеді. Қазақстан бұл визаны алу кезінде қосымша консультациялар талап етілетін елдер тізімінде болады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.
Ресми өкіл бұдан бұрын жарияланған Қазақстан Шенген визасын алудың «қара тізіміне» енді деген ақпаратты растамады. Себебі бұған қатысты еуропалық тараптан ресми хабарлама болмаған.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Шенген келісімінде «қара» немесе «қызыл тізім» деген ұғым жоқ. Бұл әдеттегі жұмыс процесі туралы айтылған. Мұндай қадам, біз түсінгендей, Шенген келісімінің бір елі сұратқан. Себебі Еуропалық одақ пен Шенген келісіміне енетін елдер виза алуға өтініш берген үшінші елдің азаматтарына қосымша консультациялар өткізуге құқығы бар. Ол консультациялар 7 күнге созылады. Іс жүзінде біздің азаматтар үшін біздің азаматтар үшін визаларды қарау рәсімінде қандай да бір өзгеріс болмайды.