Шымкент қалалақ әкімдігі мен ҚР ПІБ Медициналық орталығы арасында келісім жасалды
Шымкент қалалық әкімдігі мен ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тараптардың ортақ бітімі мегаполистің медициналық әлеуетін одан әрі арттыруға тың серпін бермек. Осылай деген шаһар басшысы Мұрат Әйтенов өңірге жұмыс сапарымен келген Алексей Цойға әріптестік байланыс нығаятынын жеткізді.
Инновациялық технологияларды игеріп, әлемдік стандарт деңгейінде сапалы медициналық көмек көрсету – заман талабы. Осы мақсатта әріптестік байланыс шектеусіз мерзімге орнады. Екіжақты келісімнің нәтижесінде басы ауырып, балтыры сыздаған науқастарға заманауи медициналық көмек қолжетімді болмақ.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
- Осы меморандумның ерекшелігін, ережелерін іске асырып, Шымкент қаласы тұрғындары арасында аурулардың алдын-алу, емдеу, диагностикалау және оңалту саласында жаңа тәжірибе мен заманауи білім алуға мүмкіндік беретініне сенімдіміз.
Президент Іс Басқармасының Медициналық орталығы білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, санитариялық-эпидемиологиялық зерттеулер мен инновациялық әдістерді жүзеге асыруда елдегі жетекші орталыққа айналды. Енді аймақтардағы медициналық мүмкіндікті молайтуға екпін бермек.
Алексей Цой, ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев денсаулық сақтауды дамытудың басты бағыттарын айқындап берді. Негізгі мақсат барлық қазақстандықтардың емдік-сауықтыру ісінде инновациялық технологияларға қолжітімділік болып табылады.
Меморандумға қол қойған тараптар іскерлік қарым-қатынастың маңызы зор екеніне сенімді.
Нұрлыбек Асылбеков, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Астанамыздағы ауруханалардың стандарты мен жоғары дәрежесі бізде де болса деп, бірлесіп жұмыс істейміз.
Астанадан арнайы келген медициналық орталықтың 25 дәрігері шымкенттік мамандармен тәжірибе алмасты. 2 күн бойы біліктілік сабағын өткізіп, жүрек, ми тамырларына 16 операция жасады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы.