БҚО-да киік өсіруге арналған тәлімбақ салынады
Батыс Қазақстан облысында киік өсіретін жаңа тәлімбақ салынады. Бұл туралы жергілікті ғалымдар хабарлады.
Нысанның аумағы – 50 гектар. Ол жерде 200 бас ақбөкен лағын асырауға мүмкіндік жасалмақ. Киіктерді күтіп-баптауға мамандардың тәжірибесі жеткілікті. Осыдан 8 жыл бұрын ғалымдар алғаш рет ақбөкен төлдерін қолға үйретіп бастаған еді. Оларды жасанды тамақтандыру әдістері сыналып, физиологиялық ерекшеліктері мен ауру түрлері зерттелді. Сонымен қатар киіктерді Алматы хайуанаттар бағына жеткізу арқылы оларды ұзақ қашықтыққа тасымалдау тәсілі сараланды. Барлық жиналған тәжірибе нәтижесі қазіргі Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында ақбөкен тәлімбақ-фермасын құруға негіз болды. Енді ғалымдар өзге өңірлер мен шетелдердің тәлімбағын, хайуанаттар бағы мен қорықтарын қамтамасыз ету үшін ақбөкендер қорын құруды жоспарлап отыр.
Әлжан Шәмшідін, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы ғылыми-техникалық кеңестің мүшесі:
- Қазір материалдардың бәрін алып қойдық. Көктемде мына қар кетісімен, қалай құрылыс жүргізуге мүмкіндік болады, бірден тәлімбақ салып бастаймыз. Тәлімбақта оны жақсылап нормасына байланысты азықтандырып тұрса, бір гектарға 3 басты, 4 басты да ұстауға болады. Киік бірінші лақтаған кезде біреу туады. Екінші лақтаған киіктер міндетті түрде екеуден. Үшем де көп болады.
Қайсар Күшәлиев, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ветеринария ғылымдарының докторы, профессор:
- Киіктерде бруццеллез шығып жатқанына өз көзіміз жетіп жатыр. Киіктердің ішкі құрылысы қойлармен бірдей. 2011-13 жылдары жаппай қырылды ғой киіктер. Сонда диагнозды пастереллез деп қойды ғой. Біз ол аурумен келіскен жоқпыз. Біз ол ауруды инфекциялық энтеротоксемия деп қойдық. Қазақша айтсақ, ол – жыбырлақ ауруы. Себебі жүйке жүйесі зақымдалған кезде киік құлайды да, тұншығып өледі. Біздер молекулярлық, генетикалық жағынан зерттегіміз келіп отыр.