Алматыда «Өткеннен оралған батырлар» фильмінің түсірілімі басталды
Тарихи тақырыпқа негізделген драма-комедиялық картина Tiger Films продюсерлік компаниясының жаңа жобасы.
Картинаның негізгі оқиғасы – ХІV-XV ғасырда билік жүргізген Алтын Орданың ханы - Тоқта ханның елшісі болған Елтебер батырдың, жұмбақ жағдайда 1311 жылдан 21 ғасырға келуі төңірегінде өрбиді. Құндылықтар өзгерген заманға тап болған батыр, ұрпағының ұсақталғанына налыса, заманның озғанына қарап, таңғалады.
Дархан Саркенов, режиссер:
- Жалпы идеясы осы ұмытылып кеткен кейбір қазағымыздың салт дәстүрлерін салыстырмалы түрде осы батыр арқылы халыққа көрсету. Сондықтан, бұл комедия болғанымен өзінің айтар ойы терең. Сондай бір туынды болмақ.
Фильмде басты рольді актер Олжас Әлжанов сомдайды. «Батырдың образына ену үшін ұзақ уақыт дайындалдым», - дейді актер. Шашын өсіріп, мұрт қоюға тура келген. Ал картинадағы езуге күлкі үйіретін сахналарда көрермен көпшілікке комедиялық рольдерімен жақсы таныс актер Рамазан Амантайды көре алады.
Рамазан Амантай, актер:
-Роль өте қызық болып жатыр негізі шынын айтсам. Әрбір түсірілім алаңына махаббатпен келу де қиын болады кей кезде, бірақ осы «Баяғыдан келген батыр» деп қазақшалап айтайық, осы жобаның түсірілім алаңына ерекше сезіммен келіп жүрміз.
«Өткеннен оралған батырлар» фильмінің негізгі сахналары Алматы облысының тарихи жерлерінде түсіріледі. Жаңа фильмнің алғашқы көрсетілімі 28 желтоқсанға жоспарланған.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев