Алматы облысында асыл тұқымды мал басы тым аз
Алматы облысының мал етін өндіріп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету мүмкіндігі мол.
Бірақ төрт түлікті асылдандыру қарқыны әлі де бәсең. Аймақта ірі қараның тек 19% ғана асылдандырылған. Әр ауданда мал бордақылау алаңдары салынған. Енді шаруалар саннан сапаға көшудің қамына кірісіп жатыр.
Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылындағы мал бордақылау алаңы екі жыл бұрын салынды. Қазір мұнда екі мың бас ірі қара бар. Шаруа қожалығы қазақтың ақ бас сиырының санын екі есеге арттыруды көздейді. Бұқашықтар 8 айға дейін бордақыланады. Мал сапасын жақсарту үшін қожалық басшылығы сиырды Павлодар өңірінен сатып алған. Биыл асыл тұқымды шаруашылықты қолдауға арналған несиелеу бағдарламасына қатысады.
Евгений Чепко, шаруашылық басшысы:
- Биыл мал санын көбейтеміз. Қазақтың ақ бас сиырының 1 200 анлығын сатып алу үшін жеңілдетілген несиеге өтініш беріп қойдық. Мемлекеттік несиелеу бағдарламасының шарты шаруаларға қолайлы деп ойлаймын. Ол жеті жыл мерзіміге 3 процентпен беріледі.
Жеті жылда мал шаруашылығында айтарлықтай жетістікке жетіп, табыс жасауға болатыны сөссіз. Мал жайын, субсидия алудың жолын жақсы меңгерген шаруалар несиелік қарыздан мерзімінен бұрын құтылып кетеді. Бірақ, ол үшін жүйелі жұмыс істеп, малды асылдандырудан жалықпау керек. Әзірге аудандағы асылдандырылған ірі қараның үлесі 6% аспай тұр.
Алтай Досымбаев, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі:
- Бұл енді әлі аз деп есептейміз. Өйткен, қазір асыл тұқымды малмен айналысқан шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Қазір құжаттар дайындалуда. Біз асыл малдың үлесін жоқ дегенде 20% асыруымыз керек.
Жалпы бүгінгі күні Алматы облысында 729 мың бас ірі қара бар. Соның 122 мыңы асылдандырылған. Биыл мал сапасын жақсарту мақсатында «Агралық несие корпорациясы» арқылы 2133 бас ірі қара сатып алынған.
Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев