Павлодар облысында тозған желілер жөнделеді
Павлодарда биыл 25 шақырым, ал Екібастұзда 15 шақырымдық желі жөнделеді.
Осылайша, өңірде тозығы жеткен инфрақұрылымды қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасын таппақ. Бұған дейін жүргізілген техникалық аудит нәтижесінде коммуналдық желілердің 80 проценті әбден ескіргені анықталған еді. Мәселені біртіндеп шешу үшін жыл сайын 25 шақырым құбырды ауыстыру қажет. Биылғы жөндеу науқанында жылу тарату құбырларына басымдық беріледі. Жазда 49 шақырым құбырды ауыстыру және реконструкциялау жоспарланған. Мамандардың айтуынша, бұл шаралар апатты жағдайдағы инфрақұрылымды кезең-кезеңмен азайтуға мүмкіндік береді. Өзекті мәселе ел Президенттінің жіті бақылауында. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы саладағы кемшіліктерді жедел шешуді тапсырды.
Ержан Салханов, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының басшысы:
- Жөндеу науқаны үш кезең бойынша өтеді. Нақтырақ айтқанда, энергия көздері, энергия таратушы ұйымдардың жағдайы жақсартылып, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жылу беру реттелуі тиіс. Осы жазда жылу электр станцияларының негізгі 40 құралы жөнделеді. 12 энергоблок, 19 қазандық, алты турбина және түтін құбыры жөнделеді.