Мақаттық малшылар субсидия ала алмай отыр
Атырау облысы Мақат ауданының шаруалары субсидияға қол жеткізе алмай отыр.
Бүгінде ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау аз емес. Алайда осынау игіліктен мақаттық малшылар тыс қалып келеді.
Мақат ауданы бойныша 102 шаруа қожалығы тіркелген. Мал басы да жыл санап өсіп келеді. Тек былтырдың өзінде 32 тұлға ресми құжат алып мал бағуға бер бұрыпты. Алайда, олар мемлекет тарапынан беріліп жатқан субсидиялар мен басқа да өтемақыларды ала алмай отыр.
Ғазиз Ғабдуллин, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Шаруагерлер құжаттарын толығымен жасай алмай отыр. Себебі, жер берілу баяу, құжаттарын жасау баяу. Субсидияға құжат тапсырғанда ең бірінші жер мәселесі шешілуі керек. Жер мәселесі шешілмей ешқандай шаруа бітпейді.
Мақат - бірыңғай өндірісті аудан. Сондықтан болар, шабындық жер тапшы. Осыдан 2 жыл бұрын жергілікті билік көршілес Қызылқоға ауданынан 413 мың гектар жер телімін ұзақ мерзімді пайдалану үшін алған еді. Бірақ ол өңір тек мал жаюға ғана жарамды. Жылқы мен сиыр өсіретін Ғазиз Ғабдуллиннң шаруашылғына жылына 200 бума шөп керек екен. Шабындық жері жоқ болған соң сатып алуға мәжбүр. Былтырдан бері облыс бойынша ірі сабақты мал азығының ортақ бағасы белгіленді. Бір орам шөп 6 мың теңге шамасында. Яғни, орта есеппен бір шаруашылықтың тек шөпке жұмсайтын шығыны 1,2 млн теңге. Ол шығын субсидияланбайды. Мемелекет қолдауынан құр қалып отырған шаруаларға ортақ тағы бір проблема: олардың бекітілген шабындық алқабы жоқ. Барының өзі мардымсыз. Сол себепті субсидия ала алмай отыр.
Ақмарал Жангереева, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Солардың ішінде 3 шаруа қожалығы селекция жұмысына, мал азығына 3 млн 416 мың субсидия берілді. Биылғы жылы сол жұмыстар жалғасын табады.
Жалғасын табады. Бірақ жеткіліксіз. Мақат ауданындағы мал шаруашылығын өркендету үшін алдымен шабындық алқапты кеңейту керек. Қазіргі пайдаланып отырған 413 мың гектарға қосымша тағы да 25 мың гектар шабындық бөлінсе, малға да, жанға тиімді болар еді. Бірақ ол мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин