Атырауда электр бағаналары жарамсыз күйде тұр

Атырау қаласындағы Самал ықшам ауданына орнатылған мыңнан астам электр бағанасының тең жартысы жарамсыз болып шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар осыған алаңдаулы.

Дегенмен әкімдік өкілдері жыл соңына дейін жағдайды реттейміз деп сендіріп отыр. 

Бұл ықшам ауданға электр бағаналары 2016-2018 жылдары орнатылған. Бірақ ұзаққа бармады. Қазір қақ ортасынан жарылып, үгітіліп жатыр. Тұрғындар тоққа соғыламыз ба деп алаңдайды.

Тоғжан Досжанова, қала тұрғыны:

- Жанымызға батып отырғаны, құласа, зардап шегетін біз. Біздің бағананы ауыстырсын. Бағана құлайтын болса, адам өлетін болса, кім жауапты бізге? Әкімдік жауап бермейді ғой. Біз зардап шегеміз. Ешқайсынан: әкімдіктен де жауап жоқ, 109-дан да жауап жоқ.

Қазір Самал ықшам ауданында 300 бағана жарамсыз күйде тұр. 2020 жылы әкімдіктегілер 200 бағананың пайдаға аспайтынын анықтап, мердігер мекемені сотқа бергеннен кейін ғана олқылықтың орны толған. Ал былтыр анықталған 300 бағананы ауыстыру бойынша өткен экономикалық сотта әкімдік жеңілген. Десе де жыл соңына дейін ретке келтіреміз,- деп сендіріп отыр.

Абылай Ғұмаров, қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қазір қалалық ЖКХ тарапынан осы жарылған тек қана Самал ықшам ауданы емес, қала бойынша 1400-дан астам бағана анықталып отыр. Қазіргі таңда бюджет тарапынан ақша сұратылды. Ақша бөлінген соң, барлық бағаналар ауыстырылады.

Бұл – тек бір ғана ықшам ауданда емес, облыста өткір тұрған мәселенің бірі. Жауаптылар бұған тауар өндірушілердің салғырттығы кінәлі дейді. Ал техникалық қадағалау жүргізген уақытта оның жарамсыздығы байқалмайтын көрінеді.

Асан Нұрғалиев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Жеткізушілерден бағана сатып алады. Сол кезде бағана жарамсыз және сапасы 2 жылдан аспай жарылып жатқандары бар. Кепілдік мерзімі бар бағаналарды мердігер мекеме ауыстырып жатыр. Ал кепілдік мерзімі өтіп кеткендер бойынша жақын арада жергілікті бюджеттен қарастырып, ауыстыратын болады.

Былтыр наурыз айында Құрманғазы ауданында 200 бағана құлап, бірнеше елді мекен жарықсыз қалған еді. Тозығы жеткен бағаналардың санын әкімдіктегілер әлі білмейді. Қазір есептеліп жатқанын айтып отыр. Ал облыста шамамен 100 мыңнан астам электр бағанасы орнатылған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.