Арқада киік төлдеді

Киіктердің төлдеу кезеңі мамыр айының соңына дейін жалғасады.

Дала еркесі құралайын өргізгенде  ауа райы да мың құбылады.  Павлодар облысы бойынша киелі жануарлар  Май және  Баянауыл аудандарын  мекендейді. Бүгінде олардың саны  25 мыңға жуықтаған.

Киіктер екі ауданның шекарасындағы   жазық далаға тұрақтаған.  Орман және жануарлар әлемін  қорғау  мамандары бұл нағыз киікке қолайлы жер дейді. Шөбі шүйгін келеді. Қысы жайлы әрі  қар аз түседі. Сондықтан болар ақбөкендер ешқайда ауып кетпейді. Ал аңшылық шаруашылығының инспекторлары оларды күзетіп қана қоймай, өсімін де бақылайды.     

Марат Данкин, Баянауыл ауданындағы тірек пунктінің басшысы:

- Киіктердің төлдеуіне байланысты  рейдтік  іс-шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Біз тұрған жер  олардың перзентханасына айналады. Яғни  ақбөкендердің жаппай төлдейтін орыны. Дәл осы кезеңде олар өте әлжуаз болады. Сондықтан күзет күшейтіледі.

Киік төлдейтін кезде  аталықтары  оқшау кетеді екен. Алысқа ұзамайды. Топ-топқа бөлініп сол төңіректі маңайлап жүреді.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Киіктерді үркітіп алмайық деп жаяу келе жатырмыз. Бұл Қарағанды, Абай, Павлодар облысының шекаралары түйіскен жерді мекендейтін киіктің Бетпақдала популяциясы. Олар төлдейтін жерді аса сақтықпен, мұқият таңдайды екен. Жолдардан алыс, қауіп төндіретін жәйттер аз жерлерді іздейді.

- Шестьдесять плюс сто тридцать, плюс двадцать пять

Бұл күні киік санағы қатар  жүргізілді. Астанадан келген мониторинг тобының алдын ала есебі бойынша    Павлодар  облысында  ақбөкендердің саны 25 мыңға жуықтайды.

Қанат Батырханұлы, Қазақстанның биоресурстарын сақтау қауымдастығы РКБ қызметкері:

- Санақ бірнеше облыстардың аумағында жүргізіледі. Бүгін біз Павлодар облысында  жұмысымызды аяқтадық. Әры қарай көрші Қарағанды мен Абай облыстарына барамыз. Дәл осылай Аңшылық шаруашылығы, Облыстық орман шаруашылығы басқармасы мамандарымен киіктердің көп шоғырланған жерлерін анықтаймыз. Санақ жүргізіп,  мониторинг жасаймыз.

Киіктердің   қортынды есебі камералық жұмыстар өңделгеннен  кейін белгілі болады - дейді мамандар. Өйткені  бір жерден бір жерге  көшіп жүретін жануарлардың нақты санын дөп басып айту қиын. Дәл қазір киіктің санынан бұрын қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңыздырақ. 

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

-  Жабайы демеңесіз киіктің лағы кәдімгі төрт түліктің төлінен аумайды. Бірақ жаратылысында ерекшелік бар. Туғаннан кейін бірнеше сағат өткенде, үсті кебе сала ересектеріне ілесіп ұзақ қашықтыққа жүгіріп кетеді. 

Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат