Медициналық сақтандыру қорында 2,5 трлн теңгеден астам ақша бар

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында 2,5 трлн теңгеден астам қаржы бар.

Яғни қор құрылғалы жинақ көлемі екі есе өскен. Десек те азаматтардың дәрігер қабылдауына жазылуы оңай болмай тұр. Жазылғанның өзінде айлап күтуге тура келеді. Бір қызығы пациенттердің ақшасын пайдалануға қойылған белгілі бір шек болуы ықтимал. Осыған байланысты науқастарды көптеп қабылдау мүмкін емес, дейді ақхалаттылар. Толығырақ тілші материалында.

Кез келген адам денсаулық жағдайының күрделілігіне байланысты травматолог, офтальмолог және психиатр дәрігерлерінің қабылдауына шұғыл түрде жазыла алады. Қалған жағдайда жалпы тәжірибелік дәрігердің жолдамасы керек. Ал салалық дәрігерлердің тапшылығын қаперге алсақ, науқастар медициналық тексерістен тегін өту үшін апталап тіпті айлап күтуге мәжбүр. 

БЛИЦ:

  1. Көз дәрігеріне жазылу қиын. Кей кезде алдын ала жазылу керек 1 айдай бұрын. Өздері алдын ала айтпайды. Ұмытып кетсең, олар ештеңе істей алмайды. Жазылу уақыты бітіп қалды деп айтады. 
  1. Асқазанды емдейтін дәрігерлер жетіспейді. Квота аламын деп кардиохирургия тексерісінен өткенмін, гастроэнтеролог жоқ болды. Басқа бір жерге барып жүрдік. Кейде бар, кейде жоқ. Соларды табу қиын.

Бұл елордадағы мемлекеттік емханалардың бірі. Науқастарымен әңгімелескен кезде ангиохирург дәрігерінің тапшы екенін айтты. Осы тізімді қызметкерлері де толықтырды.

- Аллерголог, сомнолог деген бар ма?

- Сомнолог бізде жоқ. Бірақ аллерголог примет, не примет неизвестно. 

Мәжіліс депутаттарының айтуынша, сала толыққанды қаржыландырылмай отыр. Медициналық мекемелерге қойылған айлық лимит бар. Одан артық көрсетілген қызмет құнын сақтандыру қоры өтемейді.

Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қаржыландыру толық болса, ұзын-сонар кезек болмас еді. Мысалы, емханаға арналған қаржылай лимит таусылса, дәрігерлер уақытты созып, тегін қызмет көрсетпеудің қамын ойлайды. Мәселен, 20 сәуірден кейін барлық мекемеде осыған ұқсас жағдай болды. Дәрігерлер жетті, құрылғылар жұмыс істеп тұрды, бірақ қаржыландыру жетіспеді. 

Медициналық сақтандыру қорында ₸2,5 трлн бар 

Қордағылар тегін медициналық қызметке сұраныстың артқанын алға тартып отыр. Бірақ қаржының жетіспеушілігі бойынша ешқандай мәселе жоқ. Өйткені ел халқының 80 проценті сақтандырылған және ұдайы түрде қорға жарна аударып отырады, дейді Забира Оразалиева.

Забира Оразалиева, медициналық сақтандыру қоры департаментінің директоры:

- Медициналық қызметтің ақысын төлеуге бағытталған қаражат сомасы жылдан жылға өсіп келе жатыр. Егер салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2021 жылы 2 трлн теңгеге жуық қаражат болса, 2022 жылы ол 2 трлн тг болатын. Ол МӘМС жүйесіндегі және кепілдендірілген медициналық көмек көлемінде бағытталған қаражат сомасы. Қазіргі таңда 2023 жылға арналған сома 2,5 трлн тг құрайды. Оның ішінде 1 трлнға жуық қаражат МӘМС жүйесінен бөлінеді. 

Денсаулық сақтау министрлігі кадр тапшылығы барын жасырмайды. Өйткені қазір елімізде 4 мың жұмыс орны бос.

Дәулет Алдынғұров, ҚР ДСМ Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры:

- Өңірлерде акушер-гинекологтар, неонатологтар, педиатрлар жетіспейді. Пандемия кезінде инфекционист таппай қиналдық. Елде 400 мыңнан астам азаматтың медициналық білімі бар. Бірақ салада жүргендерінің саны 280 мыңға жуықтайды.

Денсаулық сақтау министрлігі учаскелік дәрігерлердің біліктілігін арттыруды көздеп отыр. Кең тараған созылмалы ауруларды жоғары аталған мамандар өз күшімен емдей білуі қажет. Өйткені салалық кадрлар тапшылығы бір ай немесе бір жыл ішінде шешілетін мәселе емес. Осыған байланысты учаскелік және жалпы тәжірибелік дәрігерлерді шет елдерде оқыту жоспарда бар. 

Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов