Астанада жасанды су қоймасы жойылудың алдында тұр

Елордадағы жасанды су қоймаларының бірі жойылудың сәл алдында тұр.

Ол шаһардағы ірі тұрғын үй кешендерінің бірі «Жасыл квартал» маңында орналасқан. Жергілікті тұрғындар біздің телеарнаға  тоғанның жай-күйін айтып, шағымдарын жеткізген болатын.

«Жасыл квартал» тұрғын үй кешені тұрғындарының шағымы бар. Олар үйдің маңында орналасқан жасанды тоғаннан жағымсыз иіс шығатынын және оны қоқыс басып кеткенін айтады. Одан бөлек, ауызсу мәселесі де ақсап тұр дейді. Тұрғын үй кешенін салған құрылыс компаниясы алғашқыда, яғни 2017 жылы, су қоймасына жауапты болған.  Ал 2019 жылы оны Есіл ауданы әкімдігінің қарамағына өткізген.

Маржан Ғазезова, Астана қаласының тұрғыны:

- Өткен жылдары мұнда балық жүзіп, әдемі болған. Биыл су да жоқ. Құрғап барады. Жауаптылар неге қадағаламайды? Әкімдік бізді қашан тыңдап, шағымымызды назарға алады? Мұнда тіпті жер баса алмаймыз қазір, қоқыс толып кеткен.

Әсел Абдулова, Астана қаласының тұрғыны:

- Тоғанның жағдайы алаңдатады. Жауаптылар бір айдың ішінде барлығын қалпына келтіреміз деген еді. Көріп тұрғанымыздай, ешқандай нәтиже жоқ.

Астанада тек 2 жасанды су қоймасы бар. Олар осы «Жасыл квартал» тұрғын үй кешенінің маңы мен Ботаникалық бақ аумағында орналасқан. Мамандардың айтуынша, саябақтағы тоған, техникалық сумен толтырылып отырады. Ал тұрғындардың шағымданып жатқан су қоймасында бір ғана құдық бар. Ол халықты ауыз сумен қамтамасыз етуі үшін әзірге жарамсыз.

Владимир Назаров, Есіл және Нұра аудандарындағы бұрқақтартарға қызмет көрсету маманы:

- Әрине біз қаладағы тоғандар мен оның қазіргі жағдайына жауаптымыз. Бірақ бұл жерде бірнеше фактор барын атап өткім келеді. Біріншіден, қарсыз өткен қыс мезгілі. Сосын жер асты сулары деңгейінің төмендеуі, белгілі бір нысан жобасының дұрыс жоспарланбауы, 50 мың текше метрге 1 ғана құдықтың орнатылуы. Міне бұл факторлар, басқасын айтпағанда, тіпті судың булану деңгейін ұстап тұра алмайды. Ал оны ұстап тұру үшін 4 немесе 5 ұңғыма қажет. Қазір ауыз су мәселесі өзекті. Егер бұл тұрғыдағы арнайы жоба қарастырылса, оны мәселе шешілуі керек. 

Биыл қаладағы ауызсу мәселесі, расында, өзекті. Әкімдіктегілер, терең ұңғымаларды бұрғылау жобасының әлі талқыланып жатқанын айтады. Ал мәселесі көп су қоймасы, Есілден Нұра ауданы әкімдігінің балансына беріліпті. Алдағы уақытта атқарушы орган арнайы жобаны әзірлеуді жоспарлап отыр.  Алайда мәселенің нақты қашан шешілетіні белгісіз. 

Альмира Оразбай, Сания Копжасарова, Мұрат Әріпханов