Қызылорда облысының Ақсуат ауылына газ берілді

Қызылорда облысында Ақсуат ауылдық округіне табиғи газ берілді.

Мемлекет басшысының энергетика саласын нығайту бойынша алға қойған маңызды тапсырмасы аясында елді мекендегі 4 жарым мыңдай жеке тұрғын үйге, қауіпсіз әрі экологиялық тиімді көгілдір отын жеткізілді. Жалпы «ҚазТрансГаз Аймақ» өндірістік филиалы Сыр өңіріндегі 127 мыңнан  астам тұтынушыны, 2 жарым мыңдай коммуналдық-тұрмыстық мекеме мен 218 ірі кәсіпорынды газбен қамтамасыз етіп отыр.

Әр отбасына жылу мен қуаныш сыйлауды негізгі міндеті санайтын «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы жыл сайын облыс бойынша 6 мыңнан астам абоненттің үйіне газ кіргізіп келеді. 

Сейтқали Тәуірбаев, ауыл тұрғыны:

- Осы қаланың іргесінде тұрғанымен газ келеді дегеніне біраз уақыт болды. Енді міне бүгін орындалып, газ құбырмен әр үйдің отбасына қарай жол тартты. Ауыл тұрғындарының атынан ризашылығымызды білдіріп, рақмет айтамыз. 

Жайық Еділұлы, "ҚазтрансгаЗ Аймақ" АҚ Өндірістік филиал директорының міндетін атқарушы:

- «ҚазТрансГаз Аймақ» қоғамы халықтық компания болып табылады. Негізгі мақсат ірі қалаларға ғана емес, кіші елді мекендерге де табиғи газды тасымалдау болып табылады. Бұның бірі Ақсуат оның ішінде Наурыз, Махамбет ауылдарына газ келіп отыр. Жоба бойынша 1 ГРП, 12 ШГРП 170 шақырым газ құбырын салдық.

Сыр өңірінде соңғы 3 жылда 38 мың үй мен 500-ден астам кәсіпорын газ тарату желісіне қосылды. «ҚазТрансГаз Аймақ» мекемесінің қолдауымен Қызылорда қаласының жүйесі «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырына жалғанып, қыс мезгілінде туындайтын көгілдір отын тапшылығы толығымен жойылды. 

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Өңірдің газдандыру деңгейі 70% жетті. Бұл дегеніміз 26 елді мекен, 583 мыңға жуық тұрғын табиғи газбен қамтамасыз етілді деген сөз. Биылғы жылға республикалық бюджеттен 7,4 млдр тг бөлініп, 2022 жылы басталған 7 жоба жалғастырылады және тағы жаңа 12 жоба жүзеге асырылмақшы. Оның ішінде Абай, Досан елді мекендеріне газ жеткізу жобасы бар.

Қазіргі таңда облыс орталығы маңындағы саяжайларды да газбен қамту жобасы әзірленіп жатыр. Осылайша «ҚазТрансГаз Аймақ» компаниясы республика бойынша 11 миллионнан астам тұрғынның көгілдір отынға қол жеткізуіне мүмкіндік жасап отыр.

Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев