Отбасы құндылығы және БАҚ этикасы
Суицид, зорлық-зомбылық құрбандары мен басқа да қылмыс салдары туралы ақпарат жариялаған кезде тілшілер қауымы медиаэтиканы сақтауы қажет.
Мәселен, балалардың фотосуретін немесе қайтыс болғандардың соңғы хаты мен видеосын рұқсатсыз жариялауға болмайды. Журналист кез келген тараптың жеке дерегін өзінен немесе туысынан рұқсат алмайынша құпия ұстауы керек. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, құқық қорғау органдары, сондай-ақ қоғам белсенділері мен журналистер бүгін осы тақырып төңірегінде әңгімелесті. Дөңгелек үстел барысында отбасы құндылығын сақтауға көмектесетін арнайы басқарма құру идеясы да айтылды. «Қазір елде отбасыларды қолдауға арналған 75 орталық бар. Бірақ бұл аз», - дейді спикерлер.
Динара Зәкиева, "Қасиетті жол" қорының құрылтайшысы:
- Отбасыларға жүйелі және кешенді түрде көмек көрсететін басқарма жоқ. Екіншіден отбасыларға көмек көрсететін инфрақұрылымдар жетпейді. Былтыр біз министрлікпен бірлесіп, 38 орталық аштық. Бірақ бұл да жеткіліксіз.
Анна Рыль, дағдарыс орталығының жетекшісі:
- Тың ақпарат жариялаушы блогер немесе журналист бірінші кезекте зардап шегуші адамның немесе қорлық көрген баланың құқығын ойлауы керек. Ешқай тарапқа ескертпей жарияланған жаңалық салдары зардап шегушінің өзіне, туысына және баланың ата-анасына ауыр тиюі мүмкін.