Алматыда балаларға арналған тегін үйірмеге тіркелу уақытша тоқтатылды
Алматыда балаларға арналған тегін үйірмелер сайтына тіркелу уақытша тоқтатылды.
Екі апта бұрын ашылған Damu-bala.kz сайтындағы рұқсат етілген 65 мың орын толып кеткен. Жолдамалардың 30 мыңы, спорттық секцияларға, 35 мыңнан астамы шығармашылық үйірмелерге үлестірілген. Ол үшін қала бюджетінен 16 млрд теңге бөлінді. Бірақ, аталған сайтқа екі апта бойы кіре алмай, балаларын тіркей алмай қалғандар көп. Олар бүгін сайт авторлары және жергілікті билік өкілдерімен кездесіп, тегін үйірмелердің санын арттыруды сұрады. Әсіресе, қалаға жаңа қосылған аудандарда, тегін үйірмелер мен спорттық секциялар жеткіліксіз.
Бүбіхан Шакиева, қала тұрғыны:
- 16 миллиард ақша бөлдік дейді. Алматының бюджеті үшін бұл өте аз. Біздің Алматы қаласының халқын басқа региондармен салыстыруға болмайды. Ең көп 3 миллионға жуық халық тұрады бізде. Әсіресе мына Наурызбай, Алатау аудандары кейін қосылған аудандарда мүлдем өнер мектебі, спорт мектебі, қолөнер мектебі мүлдем жоқ. Ол балаларды қалының ортасына тасуға ата-ананың ешқандай мүмкіндігі жоқ.
Сәуле Жұмажанова, Damu-bala.kz ақпараттық жүйесінің авторы:
- Қазір үйірмеге жолдама алған балалар сабаққа тұрақты қатыспаса, ата-аналары табельге уақытында қол қоймайтын болса оның жолдамасы мұрағатталып, қаражат кері қайтарылады. Алдағы уақытта босаған орындар болса кезекте тұрған балалар қабылданады.