Нұрлыбек Нәлібаев Арал қаласының халқымен кездесу өткізді
Сырбойылықтарды толғандырған мәселелер ескерусіз қалмайды.
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Арал ауданының тұрғындарымен кездесіп, жүзден астам аралдықтың мұң-мұқтажын тыңдады. Теңізді жағалай қоныстанған жұрттың талап-тілегін талқылауға облыс прокуроры, сот төрағасы және өзге де құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Облыс әкімі Арал ауданына сапары барысында теміржол өткелінің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. 50 мыңдай тұрғын жылдар бойы күткен өткелдің құрылысына 3 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалады. Жалпы алдағы жылдары Аралда 4 жайлы мектеп пен 2 медициналық нысан бой көтереді.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Арал ауданын дамытуға өткен жылы республикалық, облыстық бюджеттен 12 млрд жуық қаражат бөлінсе биылғы жылы ол 2 есеге өсіп жатыр. Қазір 20 млрд тг жуық қаралды. Оның ішінде Аралдағы жол құрылысын дамытуға 7 млрд тг үстінде қаражат қаралды.
Аймақта негізгі капиталдық түсімдерден бөлек инвестициялық жобалар арқылы жергілікті қазынаны ішкі табыспен толтыру қажет. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген кеңеске қатысқан облыс әкімі осындай тапсырма берді. Одан әрі өңір басшысы тұрғындарды жеке қабылдауға кірісті.
Ақбай Баекеев, Ақбай ауылының тұрғыны:
- Егіс көлеміне байланысты бұрын СуШар мекемесі болған. Қазір ол тарап ізі ғана бар. Ауданнан су шаруашылығы мекемесін қайта құруды айттым. Ол кісі облысқа барғасын ойланып, шешімі табылады деп айтты.
Әлия Мукаримова, Арал қаласының тұрғыны:
- 3 балабақша апатты жағдайда тұр. Талапқа сай типтік жобадағы балабақша салып беруге мүмкіндік жасалса деген өтінішіме рақмет, ризамын, қарастырамыз деген жауап алдым.
Өзекті мәселелер талқыланып, шешімін табу жолдары жіті қаралатын жеке қабылдаулар барлық ауданда өткізіледі.
Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев