Шардаралықтар ауыз суын жер астынан алады

Шардаралықтар ауыз суды ашық су айдынынан алып отыр.

Соңғы жылдары Сырдария өзенінің суы тартылып, жаз ортасында Шардара су қоймасындағы су деңгейі түсіп кетті. Соның салдарынан тіршілік нәрін өңдеп, тұтас қаланы ауызсумен қамтып отырған станцияның жұмысы тоқтап та қалған кездер болды. Жергілікті билік халық күнделікті тұтынатын ауызсуды 1 ай бойы тасымалдап жеткізді. Ал көп қабатты үйдің тұрғындары тіршілік нәрін тасып ішті. Енді қала тіршілік нәрін «Тама-Тастанбек» жер асты су көзінен алмақ.Шардара ауданының әкімі. Қайрат Жолдыбайдың айтуынша, Сырдың суына сенім болмағандықтан жергілікті атқамінерлер енді баламалы су көзі ретінде қаладан 30 шақырым қашықтықтағы «Тама-Тастанбек» жер асты су қорын пайдаланбақ. Жауаптылар сынама алынып, сапасы  әбден тексерілгенін, су қоры жүз жылға жететінін айтады.

Қайрат Жолдыбай, Шардара қаласының әкімі:

- Биылғы жылы құрылыс жұмыстарын жүргізуге әрекет жасап жатырмыз. Жоба құны 16 млрд теңге болайын деп тұр. Оны 1 жылда игеру мүмкін емес, сондықтан бұл жоба 2 жылға дейін созылады деп жоспарлап жатырмыз. Бұл бойынша да жұмыс жүргізілуде. Алдағы маусымда мемлекеттік сараптама қорытындысын алсақ, одан кейін жұмысты жүргіземіз.