Түркістан облысында археологиялық қазба жәдігерлері табылды
Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы аумағында екі мың жылдан астам тарихы бар ескі қорым табылды.
Архелогтар бұл жерде қаңлы дәуіріне жататын жәдігерлер болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Сондықтан бірегей артефактілер терең зерттеуден өтсе, талай сырға қанық боламыз.
Археологтар қазба жұмыстары кезінде жерлеу рәсімі түрлі ырым-нанымға сүйеніп жасалғанын анықтады. Мәселен мұнда адам мүрдесін жер қойнына тапсыру үшін арнайы дәліз жасалған. Кейін өзі пайдаланған қыш ыдыстар мен темірден жасалған бұйымдарын қоса көмген.
Бірақ біздің дәуірімізге дейінгі 2-4 ғасырларға тиесілі қорым тұтас күйінде сақталмаған. Археологтардың болжамынша мұндағы бағалы алтын бұйымдар қолды болуы мүмкін. Ал табылған жәдігерледен қаңлы кезеңінің кең мәдениетін тануға болады. Сондай-ақ зергерлік бұйымдар, қолөнердің түп тамыры тым әріде жатқанын аңғартады.
Александр Подушкин, профессор:
- Қаңлы мемлекетінің қоғамдық тіршілікте пайдаланған заттары өте жоғары деңгейде жасалған. Құнды олжаларға қарап меншік иесін де тануға болады. Олар түрлі саланы терең меңгеріп, қолөнер мәдениеті жоғары екенін тағы бір дәлелдеп отыр.
Археологтар жерлеу рәсімінің өзіндік ерекшеліктеріне екпін беріп отыр. Өйткені табылған жебе ұштары мен қанжарлар тұрмыстық салтқа байланысты бүлініп, арнайы көмілген. Бұл сол заманның өзіндік түсініктері мен сенімдеріне негізделген.
Гүлмира Стамқұлова, студент:
- Сол замандағы адамдардың түсініктері бойынша өздерінің қолданған заттарын о дүниеге барған кезде тіріледі деп есептеген. Ғұрыптық тасты көріп тұрған болсаңыздар қолын тастың үстіне арнайы қойған. Енді олардың түсініктері аспан әлемімен байланысты болған.
Археологиялық алаңда табылған тарихи маңызға ие жәдігерлерге орталықта арнайы зерттеу жүргізіледі. Кейін «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорық музейіне қойылып, көпшілікке ұсынылатын болады.
Бахадүр Есматов, "Ордабасы" ұлттық тарихи-мәдени қорық музейінің директоры:
- Музейге қойылмас бұрын бұл өзі ғылыми түрде зерттеледі. Өзінің хаттамалары бар, АКТ бар толық зерттеліп, құжаттандырылып болғаннан кейін барып музейге қойып, халықтың көруіне жағдай жасаймыз.
Мамандар зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қорық аумағында қазба ісі қайта жалғасатынын айтады. «Өйткені елімізде бұл тайпаның тарихын зерттеу жұмыстары кенжелеп қалған»,-дейді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов